Дзюдодан әлем чемпионатында қазақ спортшысы жүлде алды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Нассаудада (Багама аралдары) дзюдодан жастар арасында өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақстандық дзюдошы Жанболат Бағтбергенов қола жүлдегер атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Дзюдо федерациясының баспасөз қызметі мәлім еткендей, 73 келіге дейінгі салмақта белдескен балуанымыз жұбаныш белдесуінде ресейлік Дэвид Гамасовты вазари ұпайымен ұтты.

Жанболат әлем чемпионатында жалпы 6 кездесу өткізіп, оның 5-еуін жеңіспен аяқтады. Іріктеу кезеңінде алғашқы қарсыласы Ли Уок Уинді (Гонконг) вазаримен, кейін колумбиялық Лэйдар Наварро мен тәжікстандық Сомон Махмадбековты иппон ұпайымен жеңді.

Ал ширек финалда түрік балуаны Билал Гилоглуға ұтылғаннан кейін Жанболатқа жұбаныш белдесуінде күресуге мүмкіндік берілді. Жұбаныш белдесуінде бірінші бельгиялық Малик Абдул Умаевтан, шешуші кезеңде ресейлік жас дзюдошы Дэвид Гамосовтан вазари ұпайын еншіледі.

Нәтижесінде, Жанболат Бағтбергенов Нассауда дзюдодан жастар арасында өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан қоржынына алғашқы жүлдені салды. Жылдың ең маңызды додасы саналатын әлем біріншілігіне әлемнің 67 елінен 426 жас татами шебері қатысып жатыр. Жарыс 21-қазанға дейін жалғасады. 

Соңғы жаңалықтар