Дзюдодан әлем чемпионатында бүгін де жүлде бұйырмады

None
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат - Өзбекстан астанасы Ташкентте өтіп жатқан дзюдодан әлем чемпионатында бүгін Қазақстан құрамасының екі спортшысы өнер көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өкінішке қарай екі балуанымыз да бірінші белдесуінде жеңілістің кермек дәмін татты.

Нақтырақ айтсақ, әйелдер арасында 70 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғап жүрген татами шебері Анастасия Маякова бразилиялық Мария Портеледен айласын асыра алмады.

Ал ерлер арасында 90 келіде сынға түскен Дидар Хамза чехиялық Давид Кламмертке есе жіберді.

Еске салайық, бұл әлем чемпионатында Қазақстан құрамасында екі қола жүлде бар. Оны Әбиба Әбужақынова (48 келі) және Елдос Сметов (60 келі) иеленді.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін Мағжан Шәмшадин (60 келі), Ғұсман Қырғызбаев (66 келі), Данияр Шамшаев (73 келі), Абылайхан Жұбаназар (81 келі), Гауһар Ермағамбетова (52 келі), Cевара Нышанбаева (57 келі), Мөлдір Нарынова мен Есмигүл Куюлова (63 келі) жарыс жолынан шығып қалған еді.

Әлем біріншілігі 13 қазан күні мәресіне жетеді.



Фото: olympic.kz




Соңғы жаңалықтар