Дзюдо: Қазақстан құрамасы Азия чемпионатының алғашқы күнінде көш бастады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық дзюдошылар Фуджейрада (БАӘ) өтіп жатқан Азия чемпионатының алғашқы күнінің қорытындысы бойынша медальдар саны бойынша көш бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан дзюдо федерациясы мәлім еткендей, ел қоржынына бір алтын, екі күміс, қос қола медаль түсті.

Медальдар кестесінде екінші орындағы Жапонияның еншісінде әзірге 1 алтын, 1 күміс, 2 қола жүлде бар. Үшінші орында - 1 алтын, 1 қоламен Корей Халық Демократиялық Республикасы.

Қазақстандық дзюдошыларға, әсіресе, 66 кг салмақ оңтайлы болып, қос қазақ балуаны финалға шықты. Мұнда Ерлан Серікжанов чемпион атанса, Елдос Жұмақанов екінші орынға көтерілді.

48 кг салмақта күрескен Галбадрах Отгонцэцэг күміс жүлдеге ие болды. Ол ширек финалда түркіменстандық Азиза Назарованы, содан кейін оңтүстіккореялық Хуекионг Лиді тізе бүктірді.

Галбадрах тек финалда ғана қытайлық Ли Янанға есе жіберді.

Осы салмақта татамиге шыққан тағы бір қазақстандық Ақмарал Науатбек бесінші орынды қанағат тұтты. Ол ширек финалда тайпейлік Чен Хао Линді қосымша уақытта ұтқанымен, содан кейін қытайлық Ли Янаннан жеңіліп қалды. Жұбаныш белдесуінде жапониялық қарсыласынан қосымша уақытта ұтылды.

Ерлер арасында 60 кг салмақта күрескен Ғұсман Қырғызбаев жүлдегерлер қатарынан көрінді. Ол жұбаныш финалында өзбекстандық Шарафоддин Лутфиллаевтан басымдылық танытып, қола жүлдегер атанды.

Сондай-ақ әйелдер арасында Севара Нишанбаева (-57 кг) үшінші орынға ие болды.

Айта кетейік, аталмыш біріншілікке Қазақстаннан барлығы 18 дзюдошы барған еді.

Соңғы жаңалықтар