Джо Байден Түркия мен Сирияда қаза тапқандарға көңіл айтты

None
ВАШИНГТОН. ҚазАқпарат - АҚШ Президенті Джо Байден Түркия мен Сирияда қаза тапқандарға көңіл айтып, зардап шеккен адамдарға барлық қажетті көмекті көрсетуді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақ үйдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

АҚШ Президентінің мәлімдемесінде Түркия мен Сирияда мыңдаған адамның өмірін қиған жойқын жер сілкінісі жайлы хабарды зор күйзеліспен қабылдағаны айтылған.

Джо Байден жұбайы Джилмен бірге жақындарынан айырылған, жарақат алған және баспанасынан айырылғандардың барлығына қайғырып көңіл айтты.

Америка президенті АҚШ әкімшілігінің түрік билігімен тығыз ынтымақтастықта екенін атап өтті. Дж. Байденнің тапсырмасымен АҚШ-тың жоғары лауазымды шенеуніктері барлық қажетті көмек көрсетуді үйлестіру үшін дереу түрік әріптестерімен байланысқа шықты.

Түркияның іздеу-құтқару қызметтері мен зардап шеккендерге көмек көрсету үшін АҚШ-тан құтқару топтары жіберілді. АҚШ қолдайтын гуманитарлық серіктестер зілзаладан зардап шеккен Сирияға да көмек көрсетті.

Фото: IHA/REUTERS


Соңғы жаңалықтар