Джиу-джитсудан әлем чемпионы туған ауылында шәкірт тәрбиелеп жүр

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысы Түпқараған ауданы Таушық ауылының спортшылары халықаралық жарыстарда топ жарып жүр. Украинаның Киев қаласында джиу-джитсудан өткен әлем чемпионатында Азамат Абаев осыған дейін алтын медаль жеңіп алған болатын. Бүгінде ол туған ауылында шәкірт тәрбиелеуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Азамат Абаев 94 келі салмақ дәрежесінде сынға түседі. Джиу-джитсумен 2015 жылдан бері айналысады. Ол осыған дейін кикбоксингпен де шұғылданған. Жаттықтырушысы - Болат Дүйсенбиев.

Ол биылғы жыл олжалы болғанын айтады. Қазақстан чемпионы атанған. Киев қаласында 20-дан астам мемлекет қатысқан сайыста ол Қазақстан намысын қорғап, 4 мемлекеттің споршысымен белдесіп, Маңғыстаудың мәртебесін асқақтатты. Әлем чемпионы атанды. Қазір басқа жарысқа дайындық үстінде.

«Алдағы жоспар - Сауд Арабиясында өтетін Азия чемпионатына қатысу. Соған дайындықты бастадық. Бұйырса чемпион болуға тырысамыз. Маңғыстаудан 10 шақты бала барады. Бәрі - Ұлттық құрама мүшесі. Қазақстан атынан өнер көрсетеді»,-дейді Азамат Абаев.

Бүгінде Азамат шәкірт тәрбиелеп, жас спортшыларды баулуда. Үйірмеде 40-қа жуық бала жаттығады. 6 жастан бастап ересектерге дейінгі топ жасақталған.

Азаматтың айтуынша, джиу-джитсу ептілікті, жылдамдықты, қарсыласты айла-тәсілмен жеңуді талап етеді. Барлық спорт түрінен хабардар болуың керек. Аптасына 3 рет жаттығатын спортшылар мұны жақсы біледі.

«Ішінде дзюдо, каратэ-де, кикбоксингте қолданылатын әдістер бар. Бұл спорттың 3 түрі бар. Комбат, неваза, файтинг деп аталады. Файтингте аяқпен, қолмен жұмыс істеу керек. Невазада партер жақсы. Комбатта барлық түрлері қамтылған. 2 жыл ішінде көп жетістікке жеттім. Қазақстан спорт шеберіне үміткер деген разряд алдым. Жаттықтырушы Азамат Абаевқа алғысым шексіз. Ол осы спортқа деген құлшынысымызды оятып, мектептегі оқушыларды шақырады. Біз ағайымыздың жетістігін көргеннен кейін ол сияқты болуға ұмтыламыз. Әлем елдеріне шығып, жарыстарға қатысуға болатынына сенеміз»,-дейді Шахта орта мектебінің 10-сынып оқушысы Құмар Сейілхан.

Енді таушықтық 6 оқушы Алматы қаласында джиу-джитсу бойынша өтетін халықаралық турнирге дайындық үстінде. Споршылар 48, 55, 62, 63 келі салмақ дәрежесінде облыс намысын қорғайды.

Айта кетейік, жалпы Таушық спорт мектебінде футбол, баскетбол, қазақ күресі, дзюдо, кикбоксинг, волейбол үйірмелері бар. Барлығы 200-ден астам ауыл жасы спортпен айналысып, салауатты өмір салтын ұстанады.

Соңғы жаңалықтар