Джиппен қашқан есірткі өсірушілерді полиция тікұшақпен қуып ұстады

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат – Қызылорда облысында полициядан қашпақ болған есірткі өсірушілер тікұшақпен ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің мобильді тобы және ІІМ-нің арнайы бөліністері Қарағанды және Қызылорда облыстарының шекараларын тікұшақпен барлау кезінде Қызылорда қаласынан 320 км қашықтықта қолдан өсірілген қарасора плантациясын анықтаған. Сол жерде суаруға арналған бассейн, агроқұралдарды сақтауға және сол жерде тұруға арналған жер үй болған.

«Плантацияға жақын ұшып бару кезінде жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлері тағылған екі «Toyota Land Cruiser» жол талғамайтын көліктері байқалды. Олар тікұшақтан үлкен жылдамдықпен қаша бастады. Дауыс зорайтқыш арқылы полиция қызметкерлерінің тоқтау туралы талабын елемеді. Автокөліктің соңына түскен қызметкерлер оны тоқтату үшін көліктің алдына және бірнеше рет дөңгелектеріне оқ атты. Дөңгелектеріне зақым келген соң ғана екі көлік қозғалысын тоқтатты. Полиция қызметкерлері жергілікті үш тұрғынды ұстады. Оларды ұстау кезінде біреуі жарақат алды. Оған алғашқы медициналық көмек көрсетілді және медициналық мекемеге жеткізілді. Оның өміріне қазіргі уақытта еш қауіп төніп тұрған жоқ. Аталған жерде Қызылорда облысының Полиция департаментінің жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр», - деді полициядан.

Еске салайық, республика аумағында 1 маусымнан бастап 30 қазанға дейін «Қарасора» арнайы операциясы өткізіліп жатыр. Оның шеңберінде құрамында есірткі бар өсімдіктердің заңсыз өсірілген алқаптарын анықтау үшін тікұшақты пайдалану, жоғары жылдамдықтағы автокөліктері бар мобильді топтарды жұмылдыру көзделген. Операция басталғалы барлығы 430 есірткі қылмысы анықталды, оның ішінде 178-і – құрамында есірткі бар өсімдіктерді заңсыз өсіруге, 153-і – сатуға, 83-і – сақтауға қатысты. Сондай-ақ есірткі контрабандасының 5 фактісі анықталды. Заңсыз айналымнан жалпы 9 тонна есірткі алынды.


Соңғы жаңалықтар