Джеймс Клеверли Қазақстан мен Ұлыбритания ынтымақтастығының басым бағыттарын атады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ұлыбритания Қазақстанмен үздік тәжірибелермен алмасу бағытындағы серіктестікті кеңейтуге ниетті. Бұл туралы Ұлыбритания сыртқы істер министрі Джеймс Клеверли елімізге сапары барысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қаңтар оқиғасынан кейін біраз жұмыстың атқарылғанын білемін. Әділеттілікке қол жеткізу өте маңызды. Мемлекеттік реформалардан адам құқықтарын қорғауға деген ұмтылысты көріп отырмыз. Британдық компаниялар мен институттардың, сондай-ақ британ тәжірибесінің Қазақстанның стратегиялық секторлары, оның ішінде мұнай-газ жобаларын құруда үлкен рөл атқаратынын мақтан тұтамын. Жоғары білім беру саласында университеттермен тығыз серіктестік орнаған. Одан бөлек, ағылшын құқығы негізінде жұмыс істейтін және ағылшын судьялары қолдайтын «Эйр Астана» әуекомпаниясы, Астана халықаралық қаржы орталығы жұмыс істейді», - деді Джеймс Клеверли Сыртқы істер министрлігінде өткен ресми кездесуден кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.

Ұлыбритания сыртқы істер министрінің мәлімдеуінше, бүгінде екіжақты сауда-инвестициялық серіктестік әртараптандырылып келеді.

«Қазақстанда сирек кездесетін металдар бойынша ресурс мол. Сонымен қатар, сіздің ел азық-түлік қауіпсіздігінде үлкен рөл атқарады. Бұл – біз серіктестікті нығайтқымыз келетін салалар. Сирек кездесетін металдар мен маңызды шикізат аясында серіктестікті ілгерілету жөніндегі меморандумға қол қойғанымызға қуаныштымыз. Өз кезегімізде Қазақстанға ең үздік британдық сиыр етін әкелетін боламыз.

Ұлыбританияның көміртегі бейтараптығы бойынша жетекші технологиялары екі елдің жасыл экономикасын әртараптандыру мен кеңейтуге көмектеседі. Қазақстан мен Ұлыбританияның үздік тәжірибелерін өзара алмасу үшін серіктестікті кеңейткіміз келеді. Одан бөлек, біз сутегі технологиялары бойынша тәжірибе алмасу туралы меморандумға қол қойдық», - деді Ұлыбритания министрі.

Айта кетейік, бүгін Ұлыбританияның Сыртқы істер министрі Джеймс Клеверли алғаш рет ресми сапармен Қазақстанға келді.


Соңғы жаңалықтар