Джентльмендер клубы ақтөбелік әйелге баспана сыйлады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық Джентльмендер клубы ақтөбелік әйелге тегін баспана сыйлады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ораза айының соңғы күнінде Джентльмендер клубы асыраушысынан айырылған отбасыға жайлы пәтер сыйлады. Бәріне қол ұшын соза алмасақ та, нақты бір отбасын бақытты ете алдық. Бей-жай қалмаған Қазақстанның өзге де азаматтарын бізден үлгі алуға шақырамыз. Өмірді жақсартуға үлес қосайық», - деп жазды Клуб төрағасы А. Қашқынбеков әлеуметтік желіде.

Арман Кашқынбековтің айтуынша, бұл бастамаға Қазақстанның көптеген қалаларынан ақшалай көмек түсті. Бес мың, 100 мың, тіпті 900 мың теңгеге дейін қаржы бергендер бар. Нәтижесінде - 10 күнде 6 млн теңге жиналған. Енді олар бұл игі істің дәстүрге айналғанын қалайды.

«Клуб төрағасы Арман Қашқынбеков екеуміз Ораза айында қаражат жинап, бір көпбалалы анаға баспана сыйласақ деп ұсыныс жасап едік. Жігіттер қолдай кетіп, қомақты сома жиналды. Әрине, неше түрлі нұсқалар болды. Жағдайы қиын аналар көп. Бірақ, ақтөбелік келіншектің жағдайы тым мүшкіл. Үш балалы әйел, күйеуі жоқ, тұңғышы мүгедек, өзі де сырқаттанып, пәтер жалдап жүр. Оған дейін Астана, Алматы сынды үлкен қалалардан қарастырамыз деп ойлағанбыз. Бірақ ақтөбелік жігіттер жиналған соманың үстіне тағы қаржы қосып, жөндеу жұмыстарын мойынға алып, Ақтөбе қаласынан пәтер алып бердік. Мұны «Асар» деп айтуға болады. «Рухани жаңғыру» дегендей, қазақтың ежелгі дәстүрі - «Асарды» жаңғыртудың бір түрі деп есептейік», - деді Джентльмендер клубының мүшесі Арман Шораев ҚазАқпаратқа берген сұхбатында.

Қазақстанның Джентльмендер клубында 257 адам бар. Оған бір қаланың ғана емес, Қазақстанның түпкір-түпкірінен жиналған азаматтар мүше.

Соңғы жаңалықтар