«Дю Солей» циркінің тағы бір акробаты мерт болды
2018 жылғы 19 наурыз 09:39

«Дю Солей» циркінің тағы бір акробаты мерт болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Du Soleil циркінің акробаты АҚШ-тың Флорида штатында қойылым барысында мерт болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат АВС телеарнасына сілтеме жасап.

Әуе гимнасты Янн Арноның биіктіктен аренаға құлап, қаза болғаны туралы жексенбі күні канадалық цирктің басшылығы хабарлады.

«17 наурыз күні Флорида штатының Тампа қаласында Volta шоуы кезінде жазатайым оқиға орын алғанын қайғыра хабарлаймыз. Тәжірибелі әуе гимнасты Янн Арно әуе белдіктерінде номерді орындау барысында аренаға құлап кетті», - деп хабарлады Cirque du Soleil.

Арно жақын маңдағы ауруханаға жеткізілген, бірақ ол алған жарақаттары салдарынан көп ұзамай көз жұмды.

Айта кетейік, бұл Cirque du Soleil құрылған отыз жылдың ішінде ажал құшқан екінші акробат. 2013 жылы 15 метр биіктіктен 31 жастағы әртіс Сара Гийяр-Гийо құлап кетіп, мерт болған еді. Ол кезде циркке 25 мың доллар сомасында айыппұл салынған болатын. Невада штатының соты акробат қыздың өлімі қауіпсіздік техникасын сақтамаудан болды деген тұжырымға келді.

Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT