Душанбеде Қазақстан дипломатына шабуыл жасалды

None
None
АСТАНА. 11 сәуір. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Душанбеде Қазақстан дипломатына шабуыл жасалды. Бұл туралы бүгін Астанада өткен апталық брифингте Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Әбдірахманов мәлім етті.

Ресми өкілдің айтуынша, Душанбедегі Қазақстан Республикасы Елшілігінің мәліметіне сәйкес, кеше кешкі сағат 5.00 кезінде Душанбенің Айни көшесінің бойында біздің Елшілігіміздің екінші хатшысы Әмір Жанаевқа жалпы саны шамамен 6-7 адамдай (25-30 жас аралығындағы) жергілікті ұлт өкілдері тарапынан шабуыл жасалған. Ә. Жанаевтың жанында бұл оқиға кезінде жұбайы мен 4 жасар баласы болған. Шабуыл нәтижесінде Елшілік қызметкері бірқатар жарақат алған.

Қазіргі кезде оның денсаулық жағайы қалпына келуде. «Бір өкініштісі, жергілікті полиция өкілдері оқиға орнына тек 20 минуттан кейін ғана келген. Сондай-ақ, көшенің бойындағы жергілікті тұрғындар оған ешқандай көмек көрсетпеген»,-деді А. Әбдірахманов.

Ресми өкілдің айтуынша, ҚР Елшілігі бұл жөнінде Тәжікстанның билік орындарына тиісті мәлімдеме жасады. Бұл мәлімдемеде ұлтшылдық және шовинистік әрекеттердің ұлтаралық арандатуға соқтыруы мүмкін екеніне алаңдаушылық білдірілді. Сондай-ақ Тәжікстан билік органдары бұзақыларды тез арада анықтап, оларды ұстайтынына сенім білдірілді. Душанбенің құқық қорғау органдары осы мәселеге байланысты қылмыстық іс қозғады.

Соңғы жаңалықтар