Дұрыс тамақтану көп шығынды қажет етеді деген жаңсақ пікір - диетолог

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Дұрыс тамақтану деген не? Оның диеталардан айырмашылығы неде? Дұрыс тамақтануға көшу отбасы бюджетіне салмақ салмай ма? Танымал диетолог, жаттықтырушы-мотиватор Гүлвира Ибраева әлеуметтік желі арқылы жас аналарды, көпбалалы аналарды артық салмақтан арылу жолдарымен таныстырып, дұрыс тамақтануды, саламатты өмір салтын ұстануды насихаттап жүр. Гүлвира ханым ҚазАқпара тілшісіне сұқбат беріп, көптің көкейінде жүрген сұрақтарға жауап берді.

Гүлвира Ибраеваның негізгі мамандығы - инженер-метролог. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін тәмамдаған. Ол 8 айдың ішінде өздігінен 24 келіге арықтап, кейін бұл тәжірибесімен әлеуметтік желілерде басқалармен бөлісе бастады. «Бүгінге дейін мыңдаған адамға көмегім тиді», - дейді танымал диетолог. Қазір оның инстаграмдағы парақшасында 200 мыңға жуық оқырман бар.

- Гүлвира ханым, шамамен бір жылдың ішінде 24 келі салмақтан арылу оңай іс емес. Оған күш-жігерден бөлек бір нәрсе түрткі болуы қажет. Өз-өзіңізді қолға алуға не себеп болды?

- Тұрмысқа шыққаннан кейін бірінен соң бірін 3 сәбиімді дүниеге әкелдім. Үйде отырғаннан кейін бойыма артық салмақ жинап, бел ауырып, бетте әжім пайда болып, түрлі келеңсіз жағдайлар орын ала бастады. Өз-өзімді бағалау деген тым төмен түсіп, күйзеліске ұшырадым. Күйеуімнің маған деген көзқарасы өзгергендей болды. Бір күні маған: «сен өз-өзіңе қарамайсың, мен қалай қараймын. Сен өз-өзіңді жақсы көрмейсің, мен қалай жақсы көруім керек» деді. Оның осы сөзі маған қатты әсер етіп, бір күннің ішінде өзімді қолға алып, арықтау жолын іздей бастадым. Интернетті ақтарып, диеталармен таныстым, жұрттың пікірін оқыдым. Бір білгенім, диета ұстау уақытша әсер етеді. Сол себепті мен дұрыс тамақтануды таңдап, артық салмақтан арыла бастадым. Нәтижесінде семіздіктен ғана емес, барлық ауру-сырқауымнан айықтым. Бел ауруы, сүйектердің сырқырауы басылып, өзімді жақсы, жеңіл сезінетін болдым. «Барлық ауру - астан» деген шын екен.

- Әлеуметтік желіде сізді диетолог, жаттықтырушы-мотиватор ретінде біледі. Біреуге бірдеңені үйрету үшін тәжірибеден басқа білім де қажет емес пе?

- Ия, дұрыс айтасыз. Мен жақсы көрсеткішке қол жеткізгеннен кейін өз жетістігім жайында барша әлемге жар салғым келді. Тәжірибеммен бөлісуді мақсат еттім. Әлеуметтік желіге келуімнің де себебі осы. Диетолог мамандығы бойынша арнайы курстардан өткенмін. Сертификаттарым бар, яғни бәрі заңды. Қазіргі таңда оқырмандарым жеткілікті. Бәріміз бірге саламатты өмір салтын ұстанып, дұрыс тамақтанып жүрміз.

null

- Дұрыс тамақтану жүйесі деген не? Ол да өзіңе шектеу қою емес пе?

- Көпшілік дұрыс тамақтануды алғашқыда қымбат, қолжетімсіз, сол себепті мүмкін емес деп ойлайды. Бірақ соның бәрі қате пікір. Үйде отырып-ақ, көп қаражатты шығындамай дұрыс тамақтануға болатынына көз жеткіздім. Бастапқыда отбасы мүшелеріне күнделікті үйренген тамақтарын бөлек дайындайтынмын. Ал өзіме мысалы, тауықтың етін, күрішті суға пісіремін. Уақыт өте арықтай бастадым, ауруларымнан айығып нәтиже болғаннан кейін жолдасым да қызығып, қатарыма қосылды. Қазір бәріміз дұрыс тамақтанамыз. Кейде тамақ пісіруге зауқың болмайды, сол кезде фаст-фудке тапсырыс бере қояйын десем балаларым: «мама, ол зиян ғой, алмай-ақ қояйық» деп мені үйретіп отырады. Дұрыс тамақтану деген тамақтың дайындалу процесіне көңіл бөлу. Барлығын жеуге болады, тек дұрыс дайындай білу керек. Ең бастысы - майға қуырмау керек. Бұл жерде адамға психологиялық тұрғыда қиыншылық әкелетіндей шектеу қойылмайды, дұрыс тамақтану - арнайы диета емес, тек тамақтың әзірленуіне дұрыс көңіл бөлсе осының өзі кәдімгідей әсер етеді.

- Көбіне әйелдер отыздан асқан соң, қырыққа жақындағанда тола бастайды. Диета ұстап, өзін тамақтан шектегенімен ол уақытша ғана әсер береді. Мұның себебі неде?

- Артық салмағы барларға мен алдымен дәрігерге көрінуге, соның ішінде эндокринологтың алдынан өтуге кеңес берер едім. Жас келе гормоналдық фонда өзгерістер пайда болады. Оны міндетті түрде емдеу керек. Сол кезде сіздің артық салмақтан арылу процесіңіз де тез жүреді. Семіздіктің үш түрі бар: біріншісі - тамақтан, яғни асқазан созылған, екіншісі гормоналдық фон, үшіншісі - тұқымқуалаушылық. Бірақ осы үшеуінде де адам дұрыс тамақтану арқылы, зат алмасу процесін дұрыстау нәтижесінде артық салмақтан арыла алады. Менің тәжірибемде осы үшеуінен де нәтиже көргендер бар. Екі жылдың ішінде 10 мыңнан астам адамға көмегім тиді. Оны парақшамнан көрсеңіздер болады. Ең алғашқы аптада 5-6 кг тастап жатады.

- Арықтағысы келетіндерге қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?

- Артық салмақпен күресте өз басым көптеген диеталарды ұстап көрдім, ішпеген дәрі-дәрмегім жоқ. Мұның бәрі бос әурешілік екен. Керісінше ауру табуға болады. Сол себепті дұрыс тамақтануға көшуге кеңес беремін. Ертеңге қалдырмай бүгіннен бастаңыз. Ол үшін арнайы дайындықтың қажеті жоқ, үйіңізде не бар соны дұрыс әзірлеу, яғни бу мен суға пісіру арқылы, майлы, тәттіден бас тарту арқылы жақсы көрсеткішке қол жеткізуге болады. Жейтін тамағыңыз алақаныңыздың көлемінен аспасын. Күніне 4-5 рет аз-аздан тамақ ішуді үйреніңіз. Таңғы тамақтан бас тартпаңыз. Ал қажетті салмақ тұрақталғаннан кейін аптасына бір-екі рет сүйікті кез-келген тамағыңызды шектен шықпай жей бересіз. Әрине, көп қимылдап, спортпен айналысуды да естен шығармаған жөн. Жаттығуларды да фитнес залға бармай-ақ, шығындалмай-ақ үйде жасауға болады. Жас аналарға, көп балалы аналарға үйде отырып-ақ мұның бәрін жасауға болатынын насихаттап келемін.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Соңғы жаңалықтар