Дұрыс шешім қабылдау үшін сарапшылар кеңесі өте қажет - Қазбек Майгелдинов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада Қазақстан-Ресей сарапшыларының ІІІ форумы өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Форум алдында тілшілерге сұхбат берген ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасы Геосаясат және өңірлік зерттеулер қызметінің басшысы Қазбек Майгелдиновтың айтуынша, мұндай форумдардың маңызы зор. Себебі, әлеммен бірге Еуразияда да түрлі трендтер мен жаңашылдықтар бірінен кейін бірі пайда болып жатыр. Ал осы өзгерістердің пайдасы мен зиянын аймақтағы ынтымақтас елдер сараптап, біліп отыруы тиіс.

«Қазіргі уақытта жүргізіліп жатқан Қазақстанның сыртқы саясаты - көпвекторлы саясат. Яғни, біз барлық елдермен тең дәрежеде қарым-қатынас жасаймыз. Оның ішінде Ресей Федерациясымен стратегиялық қарым-қатынастамыз. Сондықтан, алдағы күндері қауіпсіздік мәселелерінде, гуманитарлық немесе экономикалық салада болсын, екі ел үшін тиімді кез келген қиындықтан шығу жолдарын іздеу керек. Осыған байланысты бірлескен шешім қабылдау үшін сарапшылар кеңестері өте қажет-ақ. Өздеріңіз білетіндей, АҚШ-та мыңнан астам «Ми орталығы» бар. Өкінішке қарай, мұндай орталықтар Қазақстанда саусақпен санарлық. Сол себепті сарапшылардың пікірі, ойы, резолюциялық шешімдері алдағы уақытта екі елдің билігі үшін өте тиімді», - дейді сарапшы Қазақстан-Ресей сарапшыларының ІІІ форумында.

Қазбек Майгелдинов сонымен бірге, Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынас көпжақты форматқа ие екенін атап өтті.

«Ең бастысы - Еуразиялық экономикалық одақ аясында, сондай-ақ гуманитарлық салада да ынтымақтастық мығым. Экономикалық сипатты тілге тиек етер болсақ, жыл сайын аймақаралық форумдар өткізіліп келеді. Әскери тұрғыда ҰҚШҰ аясында ынтымақтастық бар. Қазіргі уақытта Еуразия аймағында әртүрлі сипаттағы трендтер пайда бола бастады. Мәселен, ҚХР жүргізіп жатқан Жібек жолы экономикалық саясаты, сонымен қатар ЕАЭО мен «Бір белдеу - бір жол» бағдарламасын ынтымақтастыру мәселелерін талдау керек. Осының барлығы - Қазақстан-Ресей қарым-қатынасының басты тетіктерінің бірі. Сол себепті, бүгінгі таңдағы ең басты қаралатын мәселелер - Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынастың көпжақты форматын одан ары дамыту болып отыр», - дейді Қазбек Майгелдинов.

Соңғы жаңалықтар