Дұрыс діни дүниетаным отбасынан басталады - ғалым

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Өмірінің алғашқы сәттерінен бастап, адам өзі секілді басқа адамдардың ортасында өмір сүре бастайды. Адамның алғашқы әлеуметтенуі отбасында басталады. Бұл туралы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Айнұр Құрманалиева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Отбасындағы алған тәрбиесі, дүниеге көзқарасы, бойына сіңірген құндылықтары өмірлік тәжірибесінің бастамасы, іргетасы ретінде қаланады. Ерте балалық шақта жанұя жалғыз ғана әлеуметтік орта болып табылады. Баланың әлеммен байланыс жасауы тек отбасылық ортасы арқылы жүзеге асырылады. Есейе келе жеке тұлға ретінде қалыптасу барысында да отбасы адамның жылы ұясы ретінде, өмірге қажетті күш-қуат алатын ортасы ретінде есінде қалады және өмірінің қиын сәттерінде отбасы адамның тірегі ретінде қалыптасып қалады. Отбасы тәрбие берудің, баланың қалыптасуының ең бастамасы болып табылады. Тәрбие мәселесіне тоқталған кезде тәрбие беру институттарының екі типін: негізгі және қосымша типтеріне назар аудару керек. Негізгі типтерінде ең басты маңызды орында отбасы мен мектеп аталса, қосымша типтеріне жоғары оқу орындары, әр түрлі мәдени қауымдастықтар, клубтар, адамның рухани және ғылыми қызығушылығына құрылған ұйымдар саналады», - дейді Айнұр Құрманалиева.

Оның айтуынша отбасылық тәрбие тұлғаның қалыптасуының негізі болып табылады, ал қосымша тәрбие институты қаланған негізді жетілдіруге, кейде түзетуге бағытталады, бірақ тәрбиенің бұл типі ешуақытта отбасылық тәрбиенің орнын толтыра алмайды.

«Жанұядағы тәрбие басым жағдайда анасының дүниетанымымен, үйреткен білімімен беріледі. Сондықтан келешек ұрпақты тәрбиелеудегі әйел затының орны, оған қойылатын талап-тілектер бұл ұлттың болашағына байланысты елдік мүдделер екенін әрдайым жадыда ұстанған дұрыс, осы орайды ұрпақ тәрбиесіндегі әйел баласының рөлі қыз баланың дүниетанымының қалыптасуын өзекті мәселеге айналдырып отыр. Әйел затының білімділігі, рухани адамгершілік әлеуетіне байланысты тәрбиенің де нәтижесі көрінеді. Бұл мәселе Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында да басты назарға алынды: «Бүгінде, интернет пен жоғары технологиялар ғасырында, ақпараттар тасқындаған заманда, «сүзгі» адамның ішінде болу керек. Ішкі «сүзгі» сұрақтар қойып отыруға тиіс: аналарымыз, әпке-қарындастарымыз, қыздарымыз орамалға оранып алып, басқа халықтардың киімін кигені бізге керек пе? Бізбен бір дастарқанда отырып тамақ ішпеуге тиіс пе? Көлік жүргізбеуі керек пе? Мұның бәрі – басқа елдердің орныққан дәстүрлері, біздің даламызда ондай дәстүрлер ешқашан болған емес. Классиканы оқыңыздар, фильмдерді көріңіздер». Бұл ретте Халед Хосейни, Самия Шарифф, Нуджуд Али секілді мұсылман әлеміндегі әйел баласының тағдыры туралы қалам сермеген жазушылардың еңбектерін қарап шығуды ұсынар едік» , деп атап өтті профессор.

Ғалымның айтуынша, әйелдің адамгершіліктік әлеуеті неғұрлым жоғары болса, сондай деңгейде қоғамда сәйкес мәдениеті мен әдебі бар азамат қалыптасып өсіп шығады. Осы жерде басты назар аударатын мәселе осы тәрбие қандай бағытта жасалуы тиіс және келешек ұрпаққа қандай құндылықтар берілуі тиіс деген заңды сұрақ туындайды.

«Ең бастысы бала тәрбиелеу барысында халық даналығы, ұлттың мәдениеті, тәрбие барысында ұлттық салт-дәстүрлердің толық берілуі керек. Сол жағдайда ғана нағыз отансүйгіш, елінің азаматтарын тәрбиелеуге болады. Тәрбие барысында көнеден келе жатқан дәстүрлерді дәріптеу артқа шегіну емес, қайта жаһандық заманда ұлттың бірегейлігін сақтап қалу дегенді білдіреді. Сонымен қатар бұл ұрпақаралық сабақтастықтың жалғастығына әкеледі. Өскелең ұрпақтың дұрыс діни дүниетанымы да отбасынан алған біліміне тікелей байланысты», - дейді ғалым.

Соңғы жаңалықтар