Дүниежүзілік тазалық күні солтүстікқазақстандықтар 116 тонна қоқыс жинады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында экология департаменті аймақтың атқарушы органдарымен, кәсіпорындарымен, экобелсенділермен, волонтерлермен бірлесіп «World cleanup day 2021» -«Birge Taza Qazaqstan» акциясын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО экология департаментінің мәліметінше, экологиялық акция Петропавл су торабының оң жағалауында, Жеңіс және орталық саябақтарда, Пестрое көлінің жағалауында, Каменка су арнасының маңы мен қалалық жағажайда өтті.

Мамандардың айтуынша, жыл сайын акцияға бүкіл әлем бойынша 180-нен астам ел және 18 млн волонтер қатысады. Дәстүрлі іс-шара елімізде де жыл сайын ұйымдастырылып, еріктілер, қоғам белсенділері табиғи аумақтарды қоқыстан тазартады. Акцияның мақсаты - қоршаған ортаның ластануына жол бермеу.

СҚО-да экологиялық сенбілікке екі мыңнан астам адам қатысты. «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ, «Основание» ЖШС, СҚО-ның эковолонтері Азат Жұмағұл, Жастар ресурстық орталығы, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті және т.б. мекемелердің қызметкерлері белсенді қатысты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, акция аясында барлығы 116 тонна қоқыс жиналды. Оның ішінде 28 тонна шыны, 19,5 тонна пластик, 26 тонна резеңке, 16,5 тонна қағаз, 26 тонна металл.

Қайта өңделетін қалдықтар «Радуга» ЖШС-не қайта өңдеуге берілді.


Соңғы жаңалықтар