Дүниежүзілік сауда ұйымындағы Қазақстанның Тұрақты өкілі тағайындалды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысының Жарлығымен Жанар Сейдақметқызы Айтжан Дүниежүзілік сауда ұйымы мен халықаралық экономикалық ұйымдар жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі лауазымына тағайындалды. Бұл туралы ҚазАқпарат Ақордаға сілтеме жасап хабарлайды.

Жанар Айтжан 1965 жылы 9 мамырда дүниеге келген.

Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетін, Біріккен Вена институтының экономика және қаржы бағдарламасын бітірген, Гарвард университетінің Дж.Кеннеди атындағы Мемлекеттік басқару мектебінің магистр дәрежесіне ие. 1989-1991 жылдары Мәскеу мемлекеттік университетінде және Прага қаласындағы Карлов университетінде тағылымдамадан өтті.

1993-1996 жылдары БҰҰ-ның Қазақстандағы өкілдігінің бағдарламалар үйлестірушісі болды.

1997-1999 жылдары БҰҰ үйлестірушісінің көмекшісі және Моңғолиядағы БҰҰ Даму бағдарламасы өкілінің көмекшісі – БҰҰДБ мемлекеттік басқаруды реформалау және реформалар мәселелері жөніндегі бағдарламаларының жетекшісі, 1999-2002 жылдары Нью-Йорктегі БҰҰ Даму бағдарламасының Еуропа және ТМД өңірлік бюросы Орталық Азия елдері бөлімінің бағдарламалар кураторы лауазымдарын атқарды.

2003-2010 жылдары ҚР Индустрия және сауда вице-министрі лауазымында Қазақстанның сыртқы саудасына жауапты болды.

2005 жылдан бастап 2016 жылға дейінгі кезеңде Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру жөніндегі келіссөздер бойынша Қазақстан Республикасының арнайы өкілінің міндетін атқарды.

2010 жылы ҚР Экономикалық даму және сауда министрі болып тағайындалды, 2011-2016 жылдары ҚР Экономикалық интеграция істері министрі болып жұмыс істеді.

2016-2019 жылдары ҚР Швейцария Конфедерациясындағы Елшісі, сондай-ақ ҚР Лихтенштейн Княздігіндегі мен Ватикан Мемлекетіндегі қоса атқарушы Елшісі болды.

2016-2022 жылдары Женева қаласындағы БҰҰ бөлімшесі және басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі қызметін атқарды.

Төтенше және Өкілетті Елші дипломатиялық дәрежесіне ие.

Соңғы жаңалықтар