Дүниежүзілік көшпенділер ойыны: Қазақстан 3 «алтын» жеңіп алды

None
АНКАРА. ҚазАқпарат – IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында қазақ спортшылары 9 медаль жеңіп алды, оның ішінде 3 алтын, 4 күміс және 2 қола. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жарыс алғаш рет Түркияда өтті, оған әлемнің 102 мемлекетінен 3 мыңнан астам спортшы 13 спорт түрінен қатысты. Қазақ спортшылары спорттың 5 түрінен (қазақ күресі, көкпар, көкбөрі, жамбы ату, садақ ату) өнер көрсетті.

Сонымен, қазақ күресінен ҚР құрамасы қоржынында 6 медаль бар: Марат Нығматуллаев 60 келіге дейінгі салмақта жеңімпаз атанды. Сондай-ақ 65 келіге дейінгі санаттағы «алтынды» Зарина Сарипова жеңіп алды. Еламан Қойшыбаев (80кг) пен Рауза Нұрмұхамметова (55 кг) – күміс, ал «Қазақстан барысы» Мақсат Исағабылов (+80 кг) пен Мөлдір Азамат (+65 кг) қола жүлдегер атанды.

Қасымхан Қанат дәстүрлі садақ атудан финалда өнер көрсетті, онда 32 елден 95 спортшы бақ сынады. Ол өзінің қарсыласы Оғыз Окшадан 2 ұпай айырмашылығымен жеңіліп, күміс жүлдеге ие болды.

Көкбөріге Қазақстан, Қырғызстан, Түркия командалары қатысты. Түркия командасы өз қалауы бойынша үшінші орынға келісім беріп, ақтық сынға қазақ-қырғыз құрамалары өтті. Ақтық сында Қазақстан – Қырғызстан командаларының ойыны 0-5 есебімен аяқталып, спортшыларымыз күміс жүлдеге қол жеткізді.

Қазақстан құрамасы көкпардан чемпион атанып, Қырғызстан командасын 4:3 есебімен жеңді. Финалға жету жолында қазақстандықтар Өзбекстан мен Моңғолия спортшыларын 8:1 және 12:2 есебімен ойсырата жеңген болатын. Министр Дәурен Абаев Facebook-тегі парақшасында көкпар тұңғыш рет көшпенділер ойындарының бағдарламасына енгенін және бұл жеңіс бірегей тарихи оқиға екенін атап өтті.


Соңғы жаңалықтар