Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысушылардың дайындығы үшін барлық жағдай жасалды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысатын ел спортшыларының дайындығы үшін барлық жағдай жасалды. Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында Спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев осылай мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Дүниежүзілік көшпенділер ойындары үш рет қатарынан Қырғыз жерінде өткен болатын. Биылғы ойындардың эстафетасын Түркия Республикасы қабылдап отыр. Төртінші мәрте ұйымдастырылып отырған Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына Қазақстанның спорттық делегациясы қатысады. Спорттық шара бағдарламасына 13 ойын түрі енген. Қазақстан құрамасы 5 спорт түрінен жарысқа қатысады. Атап айтқанда, көкпар, жамбы ату, қазақ күресі, көкбөрі, дәстүрлі садақ атудан cпортшыларымыз бақ сынайды. Теңге ілу мен аударыспақтан спортшылар көрсетілім жасайды.

Мемлекет тарапынан спортшылардың ойындарға дайындығы мен қатысуын қатамасыз ету үшін барлық жағдай жасалды. Атап айтқанда, биылдың өзінде көкпар спортынан құрама команда 4 оқу-жаттығу жиынын өткізді. Қазақ күресінен 3 оқу-жатығу жиыны шет елде, яғни Грузияның Гори қаласында өтті. Спортшылар қажетті спорттық киім-кешекпен қамтамасыз етілді», - деді Самат Ерғалиев.

Оның сөзінше, Қазақстан құрама командасы бұған дейінгі ойындарға да белсене қатысып, жүлделі орындардан көрінген. Мәселен, жалпы командалық есепте 2014 жылы - 2 орын, 2016 жылы - 3 орын, 2018 жылы 2 орынға ие болған.

Айта кетсек, 29 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Түркияның Изник қаласында IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Онда қазақ күресінен тұңғыш рет Қазақстан әйелдер құрамасы сайысқа түседі .

Брифинг барысында Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының директоры Бақдәулет Сәбитов Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында қазақстандық топ қай сайыстан жүлде алуы мүмкін екеніне болжам жасаған болатын.


Соңғы жаңалықтар