Дүниежүзілік қалалар форумы: 2030 жылға қарай қала халқы 5 млрдқа жетеді

None
None
ӘБУ-ДАБИ. ҚазАқпарат – Жексенбі күні Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Әбу-Дабиде Дүниежүзілік қалалар форумы ресми түрде ашылды. Қазір қалаларда 3,5 млрд адам тұрады, ал 2030 жылға дейін бұл сан 5 миллиардқа дейін артатыны болжануда. Бұл туралы БҰҰ сайтында жазылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Форумға 168 елден 18 мыңнан астам адам қатысты. Олардың арасында тәжірибелерімен және ойларымен бөлісіп, «болашақтың қаласын» қалай құру керектігін талқылап жатқан сарапшылар, мэрлер, ғалымдар мен белсенділер бар.

Урбанизация процесін тоқтату мүмкін еместігін еске салған БҰҰ-ның Елді мекендер жөніндегі («Хабитат») бағдарламасының атқарушы директоры Маймуна Мод Шариф, форум қатысушыларын нақты шешім қабылдауға шақырды. «Барлығымыз қалаларымыздың қауіпсіз болғанын және тұрақты дамуын қалаймыз. Бірақ бүгін біз алға қадам басуымыз керек», - деді ол форумның ашылуында.

Әлемдік ресурстар университетінен келген Ани Дасгупта қазіргі күні «сәтті қала» ұғымына терең үңілу қажеттігін айтты: «бұл жұмыс орындары құрылатын, тұрғындардың өмір сапасы артатын, сонымен қатар климаттық өзгерістерден қорғану мен жаһандық жылынуды ұстап тұру шаралары жүзеге асатын қала».

Оның айтуынша, экстремалды табиғат құбылыстары мен табиғи апаттарды тудыратын климаттық кризис қалалардың басты, бірақ жалғыз мәселесі емес. Сарапшы азаматтық соғыстар мен басқа да күрделі жанжалдар адамдардың жаппай қоныс аударуына себеп болып отырғанын айтты.

Қатысушылар жаңа технологиялардың дамуына байланысты туындаған мәселелерге де назар аударады: түрлі гаджеттер олардың иелерін аңдып отырады, олар қала билігінің қолында болғандықтан, көшелерде не болып жатқанын бақылап отыруға мүмкіндік береді.

БҰҰ сайтындағы мәліметке сүйенсек, қазіргі күні адамзаттың тең жартысы, яғни 3,5 миллиард адам қалаларда тұрады. Болжам бойынша, 2030 жылға дейін 5 миллиард адам қала тұрғынына айналады.

Алдағы онжылдықта қалалар өсуінің 95 пайызы дамушы елдердің есебінен болады.

Қазіргі уақытта шалғай аймақтарда 883 миллион адам өмір сүреді. Олардың көпшілігі – Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің тұрғындары.

Әлем қалаларының аумағы Жердің құрғақ бөлігінің бар болғаны 3 пайызын алып жатыр, бірақ олар энергияның 60-80 пайызын пайдаланады.

Урбанизацияның қарқындылығы тұщы су қорына, кәріз жүйелерінің жұмысына, мекен ету ортасы мен қоғамдық денсаулық сақтау жүйесіне кері әсерін тигізеді.

2016 жылы қала тұрғындарының 90 пайызы ДДҰ қауіпсіздік стандартына сай келмейтін ауамен тыныс алып, салдарынан 4,2 миллион адам қаза тапты. Қала тұрғындарының жартысынан көбі ДДҰ нормаларынан 2,5 есе асып кететін ауаны жұтады.


Соңғы жаңалықтар