Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясы Түркияда 2 мың киіз үй тігеді

None
Фото: aa.com.tr
КАХРАМАНМАРАШ. АНАДОЛЫ – ҚазАқпарат – Түрік әлемі елдерімен ықпалдастықтың арқасында зілзаладан зардап шеккен Түркия провинцияларында 2 мыңнан астам киіз үй орнатылады. Бұл туралы Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Билал Эрдоган Кахраманмараштағы «Ниеттестік» аталатын палаткалы қалашыққа барған кезде айтты. ҚазАқпарат бұл туралы Анадолыға сілтеме жасап хабарлайды.

«Анадолымен» әңгіме барысында Билал Эрдоган мәлім еткендей, Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясы зардап шеккендерге алғашқылардың бірі болып көмекке ұмтылып, түрлі іс-шараларда қолдану үшін қоймаларда тұрған 70 киіз үйді зілзаладан кейінгі алғашқы аптада-ақ жөнелткен.

Оның айтуынша, дәл сол уақытта Қазақстан мен Қырғызстанда киіз үйлерді жіберу қолға алынып жатты.

«Біз Табиғи апаттар мен төтенше жағдайлармен күрес жөніндегі басқарманың (AFAD) жетекшілігімен 250-ге жуық киіз үй құрдық. Мұнда қазақ және қырғыз бауырларымызбен бірге біздің командалар да келді, олар киіз үй құраумен айналысты. Міне, сондықтан да Қазақстан мен Қырғызстанның туларын кездестіруге болады.

Кейін шатырлар санын ұлғайтуды ойладық. Моңғолия, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Әзербайжанмен ықпалдастық шеңберінде түрлі аймақтарда 2 мыңнан астам киіз үй орната аламыз. Олардың әрқайсысы ниеттестік лагеріне айналатын болады», - деді Билал Эрдоган.

Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясынан атап өткендей, Гюнгорен муниципалитетінің қолдауымен Гёксун ауданында 100 киіз үй бой көтерді.Тағы 200-і Ускюдар муниципалитетінің қолдауымен оқуға түсуге дайындалып жатқан студенттер үшін тігілді.

Айта кетейік, Түркияда әлсін-әлсін жер сілкінісі бүгінгі күнге дейін тіркеліп отыр.

Жойқын екі зілзала 6 ақпанда Түркияның Кахраманмараш провинциясында болды. Магнитудасы 7 балдан асты. Тербеліс елдің 10 провинциясында, сондай-ақ көршілес мемлекеттерде, соның ішінде Сирияда сезілді. Осы табиғи апаттан Түркияға келген шығын 105 млрд доллардан асты.

Түркияда 6 ақпан – 31 наурыз аралығында 22,5 мың жерасты дүмпуі тіркелді.

Соңғы ресми деректерге сәйкес, зілзала 50 096 адамның өмірін қиды. 107 204 адам зардап шекті.

Сейсмикалық белсенділік Орта Азияда байқалып жатыр.


Соңғы жаңалықтар