Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ескертеді: жазда гепатит жұқтыру қаупі жоғары

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін – әлемде гепатитке қарсы күрес күні. Осыған орай, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жазғы демалыс кезінде шетелге саяхаттағанда гепатит жұқтырып алу қаупі жоғары екенін ескертеді. Бұл туралы БҰҰ жаңалықтар сайты мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ДДСҰ мамандарының айтуынша, гепатиттің үш түрінің ішінде А гепатиті азырақ қауіп төндіреді. Одан қарапайым гигиена ережелерін сақтау арқылы сақтануға болады. Мамандар ең алдымен судың таза болуын үнемі қадағалап отырған дұрыс екенін айтады. Егер сенімсіз болсаңыз, тіпті тіс жуғанға да тек қайнатылған немесе бөтелкедегі суды пайдаланған жөн.

В гепатиті қан немесе басқа да биологиялық сұйықтықтар арқылы жұғады. Маникюр, педикюр, пирсинг немесе татуаж жасатқанда да сақ болу қажет. Сондай-ақ қорғалмаған жыныстық қатынас кезінде де осы ауру жұғады. С гепатиті де солай. Бірақ көбінесе аурудың бұл түрі қан құю, тіс емдеу кезінде жұғатын көрінеді.

В және С гепатиттерін дәрігерлер «үнсіз» ауру деп атайды. Өйткені олардың көбінесе симптомдары байқала қоймайды. Алайда мұның ақыры аянышты аяқталуы мүмкін. Өйткені бауыр қатты зақымданып, обырға әкеп соқтыруы мүмкін.

Мамандар А және В гепатиттерінен ең сенімді қорғаныс – вакцина егу екендігін айтады.

Соңғы жаңалықтар