Дүниежүзілік бокс сериясы: Василий Левит қарсыласына есе жіберіп алды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада өтіп жатқан Дүниежүзілік бокс сериясының (WSB) бойынша «Астана арландары» мен «Куба Домадорес» арасындағы финалдық кездесуде 91 келідегі жерлесіміз Василий Левит төрешілердің шешімі бойынша Эрисланди Савон Котилладан жеңіліс тапты.

Айта кетерлігі, бокс қауымдастығының рейтингі бойынша Астанадағы шаршы алаңда кездескен екі былғары қолғап шебері де әлемнің үздік боксшысы саналады. Сондықтан да, бұл бүгінгі финалдық жекпе-жектің ең қызықты кездесуі болды деп айтсақ артық емес. Дегенмен, ақтық айқаста қазылық етуші төрешілердің бұра тартқанын да байқағандаймыз. Өйткені, кездесуде Василий Левиттің соққылары дөп тиіп, Эрисланди Савон Котилладан әлдеқайда басымырақ болған тәрізді еді. Алайда, үш төрешінің есебі бойынша ұпайы санымен «кубалық қабылан» жеңісті қанжығасына байлап кетті. Атап айтқанда, қапталдағы төрешілердің екеуі 47-48 ұпаймен Савон Котиллаға жеңісті берсе, бір төреші 49-46 есебімен Левит жеңді деп санаған. Осылайша, екі судьяның қорытынды есебі бойынша төрешілер жалпы есепте кубалық жеңді деген шешімге келіп отыр. Айта кетерлігі, бұл «Дәулет» спорт кешеніне жиналған жанкүйерлердің наразылығын тудырған болатын. Жанкүйерлердің басым бөлігі қазақстандық боксшының жекпе-жекте басым болғанын алға тартады. Еске сала кетейік, бұған дейінгі кездесулерде Теміртас Жүсіпов жеңіске жетсе, Қайрат Ералиев қарсыласына есе жіберіп алды. Бұдан кейін, «Астана арландарының» капитаны Самат Бәшенов, сосын Мейірім Нұрсұлтан да кубалық қабыландарды бет қаратпады.

Соңғы жаңалықтар