Дүниежүзілік биологиялық қауіпсіздік мәселелерін қарайтын агенттік қажет – Күнсұлу Закарья

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Дүниежүзілік биологиялық қауіпсіздік мәселелерін қарайтын агенттік қажет. Бұл туралы Астана халықаралық форумында Қазақстан Президенті жанындағы Ғылым академиясының басшысы Күнсұлу Закария айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әлемде де, біздің елімізде де антиваксерлер болды. Оны барлығыңыз білесіздер. Бұл мәселе Қазақстанның ішінде болғанымен аса үлкен ауқымда болған жоқ. Себебі сауатты, білімді азаматтар вакцинаның 200 жылдан бері пайдаланылып, қаншама адамның өмірін сақтап қалғанын айтып, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізді, БАҚ арқылы ақпарат берді», - деді ҒА президенті.

Күнсұлу Закарья COVID-19 соңғы бір ғасырдың ішінде орын алған ірі пандемия екенін, әлем халқы оған дайын болмағанын баса айтты.

«Енді осы пандемияның салдарын ұмытып, ауыртпалық артта қалды демей, керісінше, өткен індеттен сабақ алуымыз керек», - деді ғалым.

Ол жақында ғана QazBioPharm «Пандемия сабақтары және Қазақстан тәжірибесі» тақырыбында форум өткізгенін еске алды.

«Енді бізде сол пандемияның сабақтары, ережелері бар. Оны сақтап қалуымыз керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауқымды форумдарда Дүниежүзілік биологиялық қауіпсіздік агенттігін құру және осы мәселені жоғары деңгейге шығару туралы бірнеше рет айтты. Бірақ, өкінішке қарай, үлкен жұмыстардың қолға алынғанын көріп тұрған жоқпын. Осы сұрақты ұмытпауымыз керек. Бізге дүниежүзілік биологиялық қауіпсіздік мәселелерін қарайтын агенттік қажет», - деді Күнсұлу Закарья.


Соңғы жаңалықтар