Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі тағайындалды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы жаңа тұрақты өкіл болып Андрей Михнев тағайындалды. Бұл туралы ҚазАқпарат аталған ұйымның ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Мәлім болғандай, енді Андрей Михнев Дүниежүзілік банк тобы мен Қазақстан арасындағы 2020-2025 жылдарға арналған әріптестіктің негіздемелік бағдарламасын іске асыруға жетекшілік етеді.

Бағдарлама адами капиталды нығайтып, тұрақтылығын қамтамасыз етуге және төмен көміртекті дамуға бағытталған.

Андрей Михневтің экономикалық саясатты жүзеге асыру және жобаларды басқару саласында 20 жылдан астам тәжірибесі бар.

Ол бұл тағайындауға дейін Таяу Шығыс пен Парсы шығанағы елдерінде бәсекеге қабілет пен жеке секторды дамытуға бағытталған бағдарламаларды басқарған.

Сонымен қоса, Андрей Михнев Латын Америкасы, Оңтүстік Азия, Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка, Еуропа мен Орталық Азияның көптеген елдерінде жұмыс істеген.

Андрей Михнев - Украина азаматы. Ол «Халықаралық экономика» бойынша Т.Шевченко атындағы Киев ұлттық университетінде докторлық дәрежесін алған.

Фото: vsemirnyjbank.org



Соңғы жаңалықтар