Дүниежүзілік банк өкілі: Ет экспортында көлем емес, фермерлердің табысы маңызды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Дүниежүзілік банк жобаларының Орталық Азия бойынша үйлестірушісі Сергей Зоря Қазақстанның ет экспорты бойынша әлеуетіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілішсі.

«Қазақстанда ет экспорты бойынша әлеует жоғары. Мемлекет үшін етті экспорттаумен қатар, бір мезгілде оны импорттау қалыпты жағдай. Бұндай жағдай көптеген елдерде байқалып отыр. Өйткені еттің түріне қарай сұраныс болады. Жалпы, ет эскпортын арттыру үшін тиісті алғышарттарды көріп тұрмыз. Бұл тұрғыда жақын жерде орналасқан нарықтардың мүмкіндігі жоғары. Қытай нарығына шығу өте қиын, ол үшін бірқатар санитарлық, ветеринарлық келісімдерді бекіту керек. Осы орайда Үкімет соңғы екі жылда бұл бағытта ауқымды жұмыстарды атқарды. Енді жұмыстың қиын бағыттары қалды, яғни жем-шөп базасын, өнім сапасын жақсарту, сондай-ақ өндіріс пен қайта өңдеу көлемін арттыру шараларын еңсеру керек», - деді сарапшы Парламент Мәжілісінде ет және сүт өнімдерін өндіруді, экспорттауды дамыту тақырыбындағы парламенттік тыңдауда.

Бұл тұрғыда ол аталған бағытта көптеген дұрыс қадамдар жасалғанын, енді табысқа жету үшін уақыт керектігін атап өтті

«Мал шаруашылығы - ұзақ мерзімге негізделген сала. Сондықтан нәтижеге қол жеткізу үшін бірнеше жыл керек. Атап айтқанда, әлеует өте жоғары және осы саладағы қадамдар дұрыс жасалып келеді. Сәйкесінше, алдағы уақытта жақсы нәтижелерді көре аламыз», - деді С. Зоря.

Оның атап өтуінше, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімі экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейту тапсырмасын орындау мүмкіндігі зор.

«Бұл ретте өнім көлемімен қатар, экспорттың тұрақтылығы мен құны, оның құрылымы және фермерлердің табысы маңызды. Көп жағдайда экспорттың аз мөлшерімен де қомақты табысқа кенелуге болады», - деді ДБ өкілі.

Соңғы жаңалықтар