Дүниежүзілік банк Қазақстанның энергия жүйесіне аудит жүргізуге грант бөлді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Энергетика министрлігі Дүниежүзілік банктің грант көмегі аясында энергия өндіруші және энергия беруші ұйымдарға техникалық аудит жүргізу бойынша жұмысты бастады. Бұл туралы ведомство басшысы Болат Ақшолақов Мәжіліс депутаттарының сауалына жолдаған жауабында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Министрлік энергия көздеріне техникалық аудит жүргізу жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірледі. Жоспарда жалпы паспорттау және электр энергиясын генерациялау объектілерінің цифрлық картасын қалыптастыру жолымен энергия көздерінің камералдық техникалық аудитін, есеп жасай отырып, энергия көздерінің техникалық аудитін жүргізу көзделеді. Желілерді жаңғырту бойынша жұмыс жыл сайын және жоспарлы түрде атқарылады, бірақ энергия беруші ұйымдар қаражатының шектеулі болуына байланысты электр желілерін қысқа мерзімде жаңғырту мүмкін емес», - деп жазады министр.

Оның мәліметіне сүйенсек, бүгінгі таңда елдегі энергия беруші ұйымдардың 70%-дан астамы жеке меншікте.

«Министрлік Дүниежүзілік банктің грант көмегі аясында энергия өндіруші және энергия беруші ұйымдарға техникалық аудит жүргізу бойынша жұмысты бастады. Бұл жұмыс екі кезеңде іске асады. Бірінші кезеңде электр станцияларының аудитін жүргізу және екінші кезеңде электр желілері ұйымдарында жүзеге асыру болжанып отыр. Дүниежүзілік банкпен осы жұмысты жүргізуге техникалық тапсырма келісілді. Қазіргі уақытта банк осы қызметте халықаралық тәжірибесі бар сарапшыларды іздестіре бастады. Сондай-ақ, бұл жұмысқа электр энергетикасы саласында өндірістік тәжірибесі мол жергілікті тәуелсіз сарапшылар тартылады. Осы жұмыстың қорытындылары энергия кәсіпорындарының негізгі жабдығының нақты техникалық жай-күйін айқындайды», - деп жазылған министрдің жауабында.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметі бойынша, кейінгі бес жылда электр энергиясын тұтыну көлемі 27 пайыз артқан.


Соңғы жаңалықтар