Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығында көші-қон мәселелері талқыланды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығында көші-қон мәселелері талқыланды.

Жиынға жиналған оралмандар қауымы көші-қон саласындағы кедергілерді жою, азаматтық, тұрақты қоныстану, арнайы мемлекет бекіткен өңірлерге қоныстану сияқты мәселелерді көтерді.

Әңгіме өзегі 2013 жылы желтоқсанда оралмандар жөнінде қабылданған заңда кеткен бірқатар шикіліктерді жою туралы ҚР Үкіметінің 22 сәуірдегі қаулысы жайлы өрбіді.

Естеріңізге сала кетейік, 2013 жылғы 10 желтоқсанда бекітілген «Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне еңбек миграциясы мәселелері бойынша түзетулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға сәйкес оралмандарға азаматтық Қазақстанға көшіп келген соң 4 жылдан кейін берілетін болған еді. Ал 8 сәуірден бастап Үкіметтің «Оралмандарды жайғастыру өңірлерін айқындау туралы» №248 қаулысы бойынша Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарынан өзге өңірлерге келген этникалық қазақтарға оралман мәртебесін беру тоқтатылған.

22 сәуірде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова өз мәлімдемесінде бұл аймақтардан өзге жерлерге келген этникалық қазақтарға «шетел азаматы ретінде төлем қабілетін растауы» туралы шектеу алынып тасталатын айтқан еді.

Министр ханым енді сырттан келген қандастарымызға келесі жылдан бастап Қазақстанның қай өңіріне келсе де оралман мәртебесі берілетінін және 1 жылдың ішінде азаматтық ала алатынын жеткізген.

Жалпы көші-қон мәселесі бойынша 22 сәуірде өткен Үкімет отырысынан кейін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанынан құрамына барлық құзырлы орган өкілдері мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы тарапынан төрағаның орынбасары Сұлтанәлі Балғабаев кіретін арнайы жұмыс тобы құрылған болатын. Оралмандар мен олардың отбасы мүшелерін бейімдеу және ықпалдастыру тетігін жетілдіру жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобы Қазақстан заңнамалары мен нормативтік-құқықтық актілеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар туралы өз ұсынысын министрлікке 5 мамырға дейін табыс етуі тиіс болған еді. Енді бұл мәселе Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының осы жиынынан кейін, 15 мамырда Министрліктер үйінде өтетін жұмыс тобының отырысында талқыланбақ.

«Өздеріңіздің қосатын ұсыныс-тілектеріңіз болса, қабылдауға әзірміз. Енді сіздер жер-жердегі ағайындарға хабарласыңыздар, ұсыныстарыңызды енгізіңіздер», - деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Аслан Қаржаубаев.

Соңғы жаңалықтар