Дұлқайыров энергетика саласындағы лобби туралы айтып берді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада басталған Энергетикалық форумның мәжілісі кезінде Қазақстанның инженер-энергетиктері одағының бас директоры Марат Дұлқайыров «елімізде энергияның профициті бар» деген пікірмен келіспей, қуат көздерін тең дәрежеде тарату мәселесін көтерді. Оның айтуынша, электрэнергияны артығымен өндіріп отырған кәсіпорындар үшін қуат көздері тапшы аймақтарда жылу электр стансаларының салынғаны тиімсіз. Сол себепті кейбір қоғам белсенділері ірі корпорациялардың мүддесін қорғап жүр, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бізде ешқандай профицит жоқ, керісінше, дефицит байқалады. Электрэнергияның профициті тек Павлодар облысында ғана бар. Себебі ол жерде Екібастұз бен Ермаков сияқты ең ірі деген жылу электр стансалары орналасқан. Ал Қазақстанның басқа аймақтарында энергияның тапшылығы барынша сезіліп отыр. Әсіресе, оңтүстік өңірлерде бұл проблема өзекті болып тұр. Қазір біз солтүстіктегі энергияны оңтүстікке қажетті көлемде жеткізе алмай отырмыз. Себебі екі желінің жүктемесі 500 КВольттан аспайды. Оған қоса, аталған желілер бойынша әрбір облыстың өзіндік квотасы, яғни энергияны тұтынудың шекті көлемі енгізілген. Ал Маңғыстау, Атырау мен Батыс Қазақстан облыстары Қазақстанның энергетикалық жүйесіне мүлдем қосылмаған. 25 жыл өтті. Аталған аймақтардың қуат көздерін әлі күнге дейін Ресей Федерациясы реттейді. Осылайша, оңтүстікте тапшылық, батыс ортақ жүйеге қосылмаған. Ондайда қайдағы профицит болады?», - дейді ол.

Маманның айтуынша, биыл судың көлемі көп болғаннан кейін гидроэлектро стансалардың арқасында қажетті энергия көздері өндірілді. Ал бір-екі жылдың ішінде судың көлемі азайса, энергетика саласындағы жағдай шиеленісе түседі.

«Бүгінде профицит туралы жиі-жиі айтып, оңтүстікте электрстансаны салу мәселесінен айналып өткісі келеді. Ол стансаны салу қажет. Оны он жыл бұрын салу керек еді. Родостовец мырза (Қазақстанның тау-кен және металлургия саласындағы кәсіпорындары қауымдастығының атқарушы директоры Николай Родостовец - авт.) профицит бар деп айтады. Енді, ол өзі корпорацияның өкілі... Оларда Ақсу электр стансасы бар. Әрине, оған аталған стансада өндірілетін барлық электр энергияның сатылғаны тиімді. Сондықтан «оңтүстікте жылу электр стансасын салмаңдар» деп отыр. Не айтамыз, бұл корпорацияның мүддесі. Ол жағынан Родостовец жарады. Бірақ неге біз оған сенуіміз керек?», - дейді М.Дұлқайыров.

 

Соңғы жаңалықтар