Дүлдүл күйшілер күймен нар идіріп, жылқы қайырған - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әдеттегідей «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Сыбызғы ғұмыр - Қытайдың «Орталық халық радиосы» (CNR)

Қытайдың kazakcnr.com сайтында, сол елде тұратын қандасымыз, белгілі сыбызғышы Бейілқан Қалиәкбарұлының өнер жолы мен шығармашылығы туралы және ұлтымыздың қазыналы өнерінің қатпарлы сырын толғаған мазмұнды сұхбат жарық көрді.

Ақпарат көзінің дерегінше, белгілі сыбызғышы Бейілқан Қалиәкбарұлы 1988 жылы Қытайдың теңіз жағасындағы Дальян қаласында республикалық дәстүрлі өнер мерекесіне қатысып, халқымыздың сыбызғы аспабын тұңғыш рет ішкі Қытай жерінің саханасына шығарған. Ал 1992 жылы Түркияның Ыстанбұл қаласында өткізілген халқаралық өнер бәскесіне қатысып, бас жүлдені қанжығалаған. Шыңжаң телеарнасы 2005 жылы Бейілқан Қалиәкбарұлының 30 дан астам күйін таспаға түсіріп, алтын қорға енгізген. Ол 2008 жылдары Алматыда өткен «Мәңгілік сарын» атты дәстүрлі музыка фестиваліне және 2019 жылы Жезқазған қаласында өткен күйші Кетбұғаның 900 жылдығына арналған халқаралық мерейтойға шақыртумен қатысқан. Сонымен бірге Бейілқан Қалиәкбарұлы 2019 жылы Қытайдың орталық ССТV телеарнасының арнайы шақыруымен Бейжің қаласына барып, сыбызғы күйлерін елдің басты телеарнасының алтын қорына жаздырған.

«Менің арғы аталарым да сыбызғышы болған. Маған дейін 6 ұрпақ осы өнерді бойына дарытқан екен. Сондықтан бұл өнер атадан балаға мұра болып жалғасып келе жатқан жәдігер. Менде осы жалғасқан дәстүрді үзіп алмау үшін балам Жұмағазыға үйретіп, аманаттап жүрмін. Бала күнімде әкем үйге үнемі мықты сыбызғышыларды шақырып, сыбызғы тарттыратын. Сол кезден бастап құлағыма сыбызғы үні әбден жатталып, сіңді. Кейін осы өнерге ықыласым ауып, атақты күйші Бөленхан Шеттікбайұлын ұстаз тұттым. Қазіргі күні үйімде қурайдан, ағаштан, жезден, тот баспайтын болаттан жасалған неше түрлі сыбызғылар сақталған. Солардың арасында құнды жәдігер ретінде сақтап жүрген, жасалғанына бір ғасыр болған ерекше сыбызғы да бар. Оны ұстазым Бөленхан атам бір жолы көшіп келе жатқанда маған ықыласы түсіп, ат үстінен, түйедегі теңнен суырып алып қолыма ұстатқан болатын. Бұл сыбызғы екі жыл кептірілген қатты сары ағаштан жасалған. Бұндай сыбызғыны кезінде іші ойылған екі шағын ағаш науаны бір-біріне қаратып беттестіріп, сыртынан қойдың немесе ешкінің өңешінің қызылын алып тастап, ақ пердесімен орап қаптайтын болған. Мұндай ағаштан жасалған сыбызғыны тартатын кезде суға суарып тартады. Үйткені ұзын уақыт тұрып, сусызданып қаңсып қалған ағаш жақсы үн шығара алмайды», - дейді сыбызғышы.

Аталған сұхбатында Бейілқан Қалиәкбарұлы, бұрындары шамасына қарай қойшы да, жылқышыда жалғыз жүргенде көңіліне медеу етіп осы сыбызғыны серік еткені туралы айтады. Жылқының таңғы жусауында жылқышылар сыбызғы тартқанда, жылқы құлағын қайшылап мүлгіп тыңдап тұрып қалатын болған.


«Киелі өнердің сиқырлы сазын толық игерген нелер дүлдүл күйшілер нар идіріп, күймен жылқы қайыратыны туралы аңыз көп-ақ! Солардың бірі Алтайдан шыққан белгілі генерал Дәлелқан Сүгірбайдың атасы Жылқышы Ақтайұлы әрі балуан әрі сыбызғышы болған. Жылқы малы сергек, сезімтал жануар ғой! Сол заманда ұры-қары көбейіп ауылға маза бермей тұрған бір күні Жылқышының үйірлі жылқысын да ұрылар тігерге тұяқ қалдырмай қуа жөнеледі. Жылқы дүбірінен оянған сыбызғышы сыртқа шықса жылқы үйірі іргедегі сарыбелден асып бара жатады. Мұны көрген Жықаң сыбызғысын ала салып, «Әттең, анау бір сарыбелге жетсем-ау!» деп жаяу ұмтылады. Жықаң сарыбелге көтеріліп, сыбызғысын қолына алып құйқылжытып күй тартқанда жылқылары кері бұрылып, ұрылардың ырқына бағынбай қашады... Жылқышы Ақтайұлының «Әттең Сарыбел» атты күйі осылай өмірге келген дейді. Ал белгілі сыбызғышы Ақымжан Болдырғанұлы сыбызғы тартқанда да дауысына ұйыған жылқылар үйді айнала мүлгіп тұратын болған. Бала күнімде осындай күйдің ерекше қасиеттері туралы әңгімелерді көп естіп өстім. Әкем жылқышы болатын, мен әкеме көмектесіп жылқы күзетіне шығатынмын. Содан осы әңгімелерді естіген соң мен де сыбызғымды алып, қалың жылқының ортасына барып білген күйімді тартамын. Жылқылар расында да құлағын қайшылап елеңдеп, назарын бұрып тұратын. Кейін есейген кезімде Аспантекше деген жерге барсам қалың жылқы жайылып жүр екен, мен сыбызғымды алып тартып едім, сазда жатқан бір топ жылқы шауып жаныма келді, күй аяқтаған соң жайылып өз алдына кетті. Осындай көзім көрген, естіген дүниелерім сыбызғының үнінде бір керемет сыр жатқанына мені толық иландырды»,- дейді Бейілқан Қалиәкбарұлы.

Сонымен бірге, сыбызғышы осы жәдігер өнердің қыры мен сырын жастарға үйретуден жалықпайтынын және оны болашақ ұрпаққа аманаттап кету ең үлкен арманы екенін айтқан.

«Маған келіп осы өнерді үйренуге құлық танытып, талпынып жүрген жастар көп емес, бірақ бар. Тіптен өзге ұлттардың азаматтары да қызығып жатады. Сондай жігіттің бірі Шаңхайдан арнайы іздеп келді. Ол менің сыбызғы тартқанымды әлеуметтік желілерден тауыпты. Содан 15 күн жатып сыбызғының біраз қыр-сырын меңгеріп, негізін қалап, ары қарай өзі үйренетін болып ауылына қайтты. Одан басқа тағы бір еврей ұлтының азаматы да сыбызғының сиқырлы үніне тәнті болып үйренемін деп келді. Ұлтымыздың осындай қазыналы төл өнерін балама ғана емес, ұлтымыздың басқада жастарына үйретсем деп көп армандаушы едім. Сол арманым орындалып жергілікті биліктің қолдауымен ауданымыздағы мектепте сыбызғы сыныбы ашылды. Сонда 2014-2018 жылдар аралығында балаларға білгенімді үйретіп, сабақ бердім», - дейді.



Расул Кушербаев: Әрқашан қазақ екенімді мақтана айтып, қуанып жүрем - «ӨзА» ақпараттық агенттігі

Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігінде Өзбекстан Республикасы «Олий Мажлис» Заң шығарушы палатасының депутаты, Ташкент облысының «Қосағаш» ауылында туып-өскен қандасымыз Расул Кушербаевтің сұхбаты жарық көрді.


Аталған сұхбатта, журналист Нұрғиса Камалбек «Олий Мажлис» Заң шығарушы палатасының депутаты Расул Кушербаевты тағы бір мерзімге депутат болуымен құттықтай отырып, сайлаудан бұрын алға қойған мақсаттары мен болашақтағы жұмыс жоспарлары туралы ой бөлісуін сұраған. Біз төменде осы көлемді сұхбатты ықшамдап ұсынып отырмыз.

«- Сайлаудан бұрын өз алдыңызға қойған жоспарыңыз жайында бөліскеніңізде монополияға қарсы тұру, мигранттар мәселесі, инвесторларға қолайлы орта жарату, түрлі әлеуметтік мәселелер, сот жүйесі сынды Өзбекстандағы өте нәзік проблемаларды шешуді қолға аламын дедіңіз. Мұның бәрі сізге қиындық тудырмай ма?

- Әрине бұлардың барлығын жалғыз өзім істей аламын деу ақылға қонымсыз. Ол мүмкін де емес. Бұл көпшілікпен қоян-қолтық араласа бірігіп жасайтын мәселе. Ең маңыздысы мен өзімнің қай жақта екенімді анық көрсетіп, осы жолда белсенді түрде әрекет жасамақпын. Мұнымды құптайтындар көбейіп олар көмектесер болса, ол соншалықты нәтижелі болмақ. Ең әуелі бұл тұрғыдан қазіргі кезде жемқорлық пен монополия мәселесіне көп көңіл бөлмекпін. Дәл осы мәселе ел өркендеуі мен халықтың жайбарақат өміріне кедергі болуда. Сенімім кәміл біз осы қоғамда мұндай алауыздыққа жол бермейтін болсақ, онда жемқорлар мен монополистер елден өз бетінше кете бастайды немесе жоғалады.

- Келешекте «Олий Мажлистің» принцптері өзгеріп, қандайда бір өзгешелік болама?

- Білмедім. Бұл жөнінде нақты бір нәрсені кесіп айту қиын. Себебі қазіргі уақытта Олий Мажлистің тәжірибелік принцптері толықтай нені қамтитынын өзімде анық біле бермеймін. Сондықтан бұл мәселеде нақты бірдеңе айталмаймын.

- Кейде сырттай естіп жатамыз қазақ азаматтардың жұмыс орнында өсуіне жол бермейтін немесе қоғамдық ортадан аластату сынды сөздер айтылады. Осы шындыққа сая ма?

- Мұны негізі ой өресі төмен, көзқарасы тар кісілер, адамдар арасында алауыздық ояту үшін айтатын болу керек. Сенімді түрде айтатыным мемлекеттік деңгейде немесе саясатта, дипломатияда жалпы қоғамдық жұмыстарда болсын мұндай көзқарас жоқ. Әрбір ұлт өкілі барлық азаматтарға тән мүмкіндіктерге ие.

- Жазушы Бегабат Ұзақовтың актер Сейдолла Молдахановтан алған сұхбатында, Сейдолла аға өзінің ұлтын сұрағандарға «қазбекпін» деп әзілді шыны аралас жауап қайырады екен. Сізде де осы секілді жағдай болып тұра ма?

- Кім білсін, бірақ өз басым ұлтымды сұрағандарға әрқашан қазақ екенімді мақтана айтып қуанып жүрем. Өзбекстан көп ұлтты ел ғой. Бұл мекен осындағы барлық ұлт пен ұлысқа бірдей. Ал ел мен халық өркендеуі жолында аянбай тер төгу, келешек ұрпақ үшін ұлы істер жасау ұлт таңдамайды.


Еуразия түркологтары сөздігінің екінші томы жарық көрді – T
RT

Еуразия түркологтары сөздігінің Қазақстан мен Қырғызстан түркологтарын қамтыған екінші томы оқырмандарына ұсынылды. Кітапты Түріксой ұйымы мен Түркия Республикасы Түрік Тарихы мекемесі басып шығарды, деп жазады Түркия Радио Телевизия порталы.

Аталған БАҚ-тың жазуынша, 2011 жылы Түріксойдың бастамасымен қолға алынған жұмыс шеңберінде профессор Александр Колесников пен Ильяс Камалов дайындаған Ресей түркологтарын қамтыған туындылардың жалғасы саналатын осы еңбекте тарих, тіл, әдебиет, археология және социология саласындағы 340 ғалым орын алған.

«Кітаптың бас үйлестірушісі – Түрік мәдениетінің халықаралық ұйымы Түріксойдың бас хатшысы Дүйсен Қасейінов. Туындының мұқабасында Манас дастаны жөнінде алғашқы деректерді жинақтап, орыс тіліне аударған Шоқан Уалиханов пен тіл саласындағы еңбектерімен танымал қырғыз түркологы Болат Юнусалиевтың суреттері орын алған. Кітапта 20-ғасыр және 21-ғасырдың басында өмір сүрген түркологтар қамтылған. Кітап түрік және орыс тілдерінде басылып шықты. Кітаптың басты ерекшеліктерінің бірі – Түркология саласында еңбектеніп жүрген жас ғалымдарға да орын берілген», - деп жазады TRT.


Алтай аймағынадағы туристік нысандар келушілерге ашылды - «Алтай ақпарат » сайты

Алтай жері көз арбайтын көркем табиғат көріністеріне өте бай. Ондағы асқар таулар, мөлдір өзендер, жасыл ормандар және ерекше ұлттық салт-дәстүр мәдениеті келушілерді өзіне баурайды, деп жазады kz.ts.cn/altai сайты.

«Алтайда өзен де, көл де көп. Олар басын таудағы қар суынан, мұздықтардан алады. Ең үлкені Ертіс өзені. Қаратоқтының көлі, Қанас көлі, Үліңгір, Үшкөл секілді табиғаты ерекше туристік орталықтар бар. Сонымен бірге батыс солтүстігіндегі ең үлкен табиғи аққайың орман белдеуінде қонақтар ерекше қызығып тамашалайды. Ақтүбек керішін, асқар шыңға жармаса өскен орманды Әмірсана шоқысын, сондай ـ ақ миллиондаған жылдар боран-шашынның жеміруі арқылы қалыптасқан ғажайып тасты сайдың көріністері адамды тамсантпай қоймайды. Ал Алтай өңірінде өсетін қызғалдақ, жаужұмыр, бұғышөп, сабын ағаш, қызыл қасық, раушангүл секілді тау гүлдері көздің жауын алады», - деп жазады «Алтай ақпарат» сайты.

Сонымен бірге, аталған сайт Алтайдың осы әсем көріністерінен фоторепортаж ұсынған.


Өзбекстандық дәрігерлер коронавирусқа қарсы күресте көмектесу үшін Тәжікстанға аттанды - «ӨзА» ақпараттық агенттігі

8 мамырда бір топ өзбекстандық дәрігерлер коронавирусқа қарсы күресте өз тәжірибесімен бөлісіп, көмектесу үшін көрші Тәжікстан еліне аттанды, деп хабарлайды Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі.


«Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, COVID-19 жаңа коронавирусқа қарсы күресте жоғары тәжірибе мен үздік қабілетке ие мамандардан жасақталған бір топ дәрігер бүгін Тәжікстанға ұшып кетті. Олар көрші елдегі медицина мамандарына бұл індетпен күресте өз тәжірибесімен бөлісетін болады. Бұл Өзбекстан мен Тәжікстан елдері арасындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейде екендігінің бір белгісі», деп жазады «ӨзА» ақпараттық агенттігі.

Аталған БАҚ-тың дерегінше, қазіргі уақытта Тәжікстанда коронавируспен ауырған науқастар саны 461 кісіге жетіп, 12 азамат індеттен көз жұмған. Ал Өзбекстанда вирус расталған жалпы жағдай 2324. Оның 1748-і сауыққан болса, 10 науқас қайтыс болған. Қазірде республикалық ауруханаларда 566 науқас емдік бақылауға алынған.


ОСК: Моңғолияның Парламент сайлауына 15 партия, 4 коалиция түседі - KAZNEWS

Моңғолияның Орталық сайлау комиссиясы парламент сайлауына түсетін партияларды тіркеді. Бұл туралы ОСК-ның баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Моңғолиялық KAZNEWS ақпараттық порталы.

«Заң аясында 2020 жылғы Парламент сайлауына қатысу үшін 15 партия, бірнеше партиядан құрылған 4 одақ (коалиция) сайлау бағдарламасы мен ресми құжаттарын Орталық сайлау комиссиясына өткізген. Орталық сайлау комиссиясы барлығының құжаттарын тексеріп, қандай бір олқылықтар жоқ деп шешіп, оларды сайлау додасына қатыстыруға шешім қабылдады», - деп хабарлайды KAZNEWS.


Қазақстанда медицина қызметкерлерінің құрметіне тұрғын үйлердің қасбетіне сурет салынады - «Фарс » ақпарат агенттігі

Коронавируспен күресіп жатқан дәрігерлер мен медбикелердің суреттері Нұр-Сұлтан қаласындағы тұрғын үйлердің қасбетіне салынады. Бұл істі Нұр-Сұлтан қаласының шығармашылар қауымдастығы атқарады, деп жазады «Фарс» ақпарат агенттігі.

«Нұр-Сұлтан қаласының шығармашылар қауымдастығының басшысы Кристина Бекмурзаева бұл туралы: «Бұл суреттер арқылы медицина саласының қызметкерлеріне ризашылық білдіргіміз келеді. Біз олардың барлығын қаһарман деп санаймыз»,- деді деп жазады Рarstoday.



Соңғы жаңалықтар