+7 (701) 759 90 19
USD 425.71 EUR 495.53
RUB 5.99 CNY 66.56
Jańalyqtar

Дулат Әбілдин: Жаһандану дәуірінде отбасылық құндылықтарды сақтай білуіміз қажет

2021 жылғы 15 мамыр 18:24
Бөлісіңіз:
Дулат Әбілдин: Жаһандану дәуірінде отбасылық құндылықтарды сақтай білуіміз қажет

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Олар психолог та, коуч те емес, тіс клиникасы желісін ашып, кәсібін дөңгелетіп отырған ерлі-зайыптылар. Олар осы іспен шектеліп қалмай, отбасылық құндылықтарды дамытуға үлес қосып, шаңырағы шайқалу үстінде тұрған ерлі-зайыптыларға көмектесуді мақсат еткен. Осылайша тіс емханасы желісінің негізін құрушы ерлі-зайыпты Дулат пен Дана Әбілдиндер бір жарым жыл бұрын отбасылық құндылықтарды дамыту институтын ашқан. Олар ҚазАқпарат тілшісіне мұндай шешім қабылдауға не түрткі болғанын, институт қандай мәселерді шешумен айналысатыны туралы сұхбат берді.

Ұқсас жаңалықтар
UEFA Чемпиондар лигасы: «Манчестер Юнайтед» бірінші орынға көтерілді Қарағандыда еріктілер 500-ге жуық мұқтаж отбасына көмек көрсетеді Атырауда жеке тұрғын үйлердің ауласында сарышаян қаптады

«Мұндай шешім шығаруға не түрткі болды?» деген сұраққа институтың негізін қалаушылардың бірі Дана Әбілдина жауап берді.

«Біздің жұмыс адамдармен байланысты болғандықтан, тіс емдеу клиникасына әртүрлі тағдырлы адамдар келеді. Күндердің бір күнінде клиникамызға тұрақты түрде келіп жүретін әйелдің көзінде оты сөніп қалғанын, өмірге деген қызығушылығы жоғалып кеткенін байқадым. Оны әңгімеге тарттым. Ол жолдасымен ұрсысып жүргенін, өлгісі келетінін айтты. Дөңгелетіп отырған кәсібі жүрмей қалыпты және денсаулығы да сыр бере бастаған. Мен оған «Балаларыңыздың көзін жәудіретіп кімге тастап кетпексіз? Өзіңізге керек емес бала Сіз өмірден өткен соң кімге керек болады? Өмірде әртүрлі жағдай болады, мықты болуыңыз керек» дедім де, оған таныс психологтың нөмірін бердім. Бір айдан кейін ол тағы да клиникаға келді. Психологпен жұмыс істегеннен кейін өмірінде оңды өзгеріс көп екенін айтты. Осындай жағдай жиілеп кетті. Мен және жолдасым әртүрлі көмекті қажет еткен клиенттерімізге кәсіби мамандардың нөмірін беріп жүрдік», - дейді ол.

Тағы бір күні клиникаға келген клиенттердің бірі сөзімен де, ісімен де өзінің бақытсыз екенін көрсеткен.

«Ол әйел күйгелек күйге түскен, сөз көтере алмайтын, ашушаң адам болды. Онымен әңгімелесу барысында ұлы мүгедек болып қалғанын, жолдасымен ажырасу процесі жүріп жатқанын түсіндім. Бизнесі де жүрмей қалыпты. Ол да өмір сүргісі келмейтінін айтты. Мен оған психологиялық бағыттағы кітаптар оқуға кеңес бердім және таныс психологтың нөмірін бердім. Ол да бір айдан кейін хабарласып, менімен кездесті. Жолдасымен тіл табысқанын, ортақ шешімге келгенін, тіпті баласының денсаулығы оңалып келе жатқанын айтты. Осы жағдайдан кейін үйге барған кезде жолдасыма «Отбасылық құндылықтарды дамыту институтын біз ашпағанда – кім ашуы керек? Аз да болса тәжірибеміз бар, мықты мамандарды тегін түрде көмек көрсетуге көндіріп, осы мәселені қолға алайықшы» дедім. Жолдасым мені қолдады», - дейді Дана Әбілдина.

Осылайша ерлі-зайыпты Дулат пен Дана аяқ асты шешім қабылдап, мемлекеттің қолдауынсыз, грантқа қатыспастан, субсидия алмастан, өз қаражаттары есебінен отбасылық құндылықтарды дамыту институтын ашқан.

«2019 жылдың қазаны мен 2020 жылдың наурызына дейін 100-ден астам оффлайн іс-шара өткіздік. Оған 3500 адам, 40-тан астам сарапшы бізбен серіктестік орнатты. Отбасылық құндылықтарды дамыту – өте өзекті мәселе екеніне көзіміз жете бастады. Карантин кезінде біз онлайн форматта іс-шаралар өткізіп, көмек көрсету аямыз кеңейе түсті. Пандемия өршіп тұрған кезде күн сайын психологтармен онлайн түрде кездесу өткізіп, оған Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Германия, Біріккен Араб Әмірліктері мен Америка және басқа да елдерден де адамдар қатыса бастады. Онлайн өткен шараларға 20 мыңнан астам адам қатысты. Бұл – Қазақстандағы ғана емес, әлемдік деңгейдегі мәселе екенін түсіндік. Рухани дамығысы келетін, отбасылық құндылықтарды дамытуға дайын адамдар көп екеніне көзіміз жете түсті», - дейді Дана Әбілдина.

Оның айтуынша, аталған институт арқылы көмек алған отбасылар шаңырақтарын сақтап қана қоймай, балалы-шағалы болып жатыр.

«Шаңырақтары жас нәрестенің үнімен толыққан отбасылар қаншама?! Олар өмірлік қиын жағдайға тап болған кезде біздің институтқа келіп, көмек алғандары үшін қуанады. Институттағы сарапшылар, волонтерлер әр шаңырақпен жекелей жұмыс істемейді. Олар көмек керек адамдарды топтарға бөліп жұмыс істейді. Пандемия басталғанға дейін біз жалға алып отырған кабинетке әйелдер келе бастады. Олар кейін жолдастарымен бірге келе бастады, одан кейін бала-шағасымен, тіпті ата-ене, құда-құдағиларын ертіп келгендер болды. Институт ашылғалы 3-4 ай өткенде залда олар отыратын орын жетпей қалды. Мамандарды жартысы отырып, жартысы тұрып тұрып тыңдайтын болды. Пандемия басталғаннан кейін іс-шараларды онлайн түрде өткізуге көштік», - дейді ол.

Институттың негізін қалаушылардың бірі Дулат Әбілдин 2019 жылы елімізде ажырасқандар саны 50 мыңнан асқанын айтты.

«Бұл сан бізді таң қалдырды! Суицид 5,5%-ға артса, некесіз туған сәбилер саны 51 583-ке жетіпті. Біздің еліміздің негізі отбасы мен салт-тәстүріміз емес пе еді?! Осы жағдайды ескере отырып институттың басты міндеті – рухани бай, адамгершілік қасиеті жоғары, ұлттық құндылықтарды құрметтейтін, ата-бабамыздан келе жатқан дәстүрлі дәріптейтін ұрпақтың өсуіне үлес қосу деп шештік. Осы бағыттарда жұмыс істейтін 12 мектеп аштық. Бұл мектептер жас отбасын дамыту, жас ата-аналарды қолдау, ажырасқан ата-аналарға бағыт беру, балалардың денсаулығын нығайту мен талантын ашу және басқа да бағыттарда жұмыс істейді. Мұның бәрі отбасылық құндылықтардың дамуына негізделген», - дейді ол.

Ерлі-зайыпты Дулат пен Дана болашақтағы жоспарларымен де бөлісті.

«Біз әңгімелесу алаңына айналатын цифрлық платформа құрғымыз келеді. Ол жерде отбасыға қатысты мәселелер талқыланып, статистика көрсетіліп, сараптама жасалатын болады. Мұның бәрі өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі. Жаһандану заманында отбасылық құндылықтар жұтылып бара жатыр. Осы орайда әркім өзіне «Осыны мен қолға алмасам – кім қолға алады? Қазір қолға алмасақ – қашан қолға аламыз?» деген сұрақты қоюы керек», - дейді Дулат Әбілдин.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Зарина Қаһарман

Ұқсас жаңалықтар
Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER

MURAǴAT