Дүкенге баратын рұқсатнама, блокпосттың болмауы және ұшу аппараттары - Қазақстандық әйел Дубайдағы карантин туралы айтып берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Алматылық Айнұр Құрманғали 7 жыл Дубайда тұрып, жылжымайтын мүлік агенті болып жұмыс істеген. Бірақ, әлемдік пандемияға байланысты Айнұр Қазақстанға оралып, карантинге оқшауланды және ҚазАқпарат тілшісіне Әмірліктегі өмірі мен карантин жағдайы туралы сұхбат берді.

- Айнұр ханым, өзіңіз туралы айтып беріңізші, бірнеше жылдан кейін елге оралуыңызға не себеп болды?

- Дубайдағы карантин күшейе түскендіктен, Қазақстанға қайта ұшу қажеи деп шештім. Оның үстіне, еліміздің Сыртқы істер министрлігі Қазақстанға соңғы рейс ұшатынын мәлімдеген еді. Қазір Әмірліктерде тәртіп күшейді, дүкенге де арнайы рұқсатпен бару қажет. Оның үстіне Дубайда өмір сүру деңгейі қымбат, ал көптеген адамдар жұмыссыз қалып, еңбекақысынан айырылып, тығырыққа тіреліп жатыр. Мен онда 7 жыл бойы жылжымайтын мүлік бойынша агент болып жұмыс істедім. Бұл кәсіппен айналысатын адамдар өте көп. Ал қазір пандемияға байланысты табыс түсіп жатқан жоқ. Тіпті анамның жоспарланған сапарын кейінге қалдырдық.

- Қазақстанға ұшып келгенде еш қиындық туындамады ма?

- Барлығымыз медициналық маскамен, тыңғылықты дайындықпен ұштық. Тіпті көзілдірік пен бас киім киген жолаушылар көп болды. Елге келгенде жүгіміз де, өзіміз де дезинфекциялық тазартудан өттік. Барлығы жоғары деңгейде болды және бізді бірнеше автобусқа бөліп, санаторийлер мен ауруханаларға жеткізді.

- Сізді қандай ғимаратқа орналастырды? Бір бөлмеде неше адам бар?

- Бізді Талдықорған қаласындағы қонақүйге жайғастырды, бір бөлмеде 3 адамнан жатырмыз. Бізге карантиндегі жүріп-тұру тәртібін түсіндірді. Тамақ әкелгенде де бізге аса жақындамауға тырысады. Мұндағы тағамдар да жақсы, күніне бес рет тамақтандырады. Оның ішінде ет, манты секілді түр-түрі бар. Осындай жағдай жасағаны үшін билік пен консулдарға алғыс айтамын.

- Туған-туыстарыңызбен қалай сөйлесіп тұрасыз?

- Мұнда интернет бар. Бірақ, бейнебайланыс біреуде жүктелсе, біреуде жүктелмейді. Мен өз жақындарыммен WhatsApp мессенджері арқылы сөйлесемін.

- Карантинде жатқаныңызға неше күн болды? Қай күні шығарайын деп жатыр?

- Менің келгеніме үш күн болды. Барлық қажетті тестілеуден өттік, бізден еш вирус табылмады. Сондықтан, бүгін немесе ертең бізді үйімізге жеткізеді. Біз оқшаулану кезінде отыратын мекенжайымызды бірнеше рет көрсеттік. Әлеуметтік желіде Талдықорған тұрғындары бізді инфекция жұқтырады деп алаңдап жатыр екен. Бұл мүмкін емес, себебі мұндағы тәртіп өте қатал. Көше түгілі бөлмемізден дәлізге шығуға тыйым салынған. Сондықтан, бірде-бір байланыс болмайды. Үйде оқшауланатын мүмкіндігі жоқтар, яғни жеке бөлмесі жоқ, 65 жастан асқан туысы бар тұрғындарға да мемлекеттік мекемелерде оқшаулануға жағдай жасалған.

- Сіз Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктеріндегі карантинді көрдіңіз. Екі елді салыстырар болсаңыз, қай елдің талаптары күштірек болып отыр?

- Мен Қазақстандағы карантинді әлі көрген жоқпын. Арнайы рейсті, әуежайды және қонақүйдегі карантинді айтар болсам, бәрі жүйеленген. Дубайда тіпті дүкенге рұқсатсыз шығармайды. Ол үшін арнайы форма толтыру қажет. Бұл қағазбен дүкенге, жұмысқа және дәріханаға ғана баруға болады. Жұмысқа да медициналық мамандар, полицейлер, азық-түлік жеткізушілер секілді аса қажет мамандар ғана барады. Дубайда да қатаң шаралар қолға алынып жатыр. Онда блокпосттар қойылмаған, тек полиция тәртіп күзетіп тұрады. Әр аулада бейнебақылау камерасы бар полиция көлігі бар, кей жерлерде дрон ұшып жүр.

- Мұндай шараның барлығы шынымен қажет пе?

- Әрине, барлық алдын алу шараларын ұстану қажет. Әмірліктердегі көптеген достарым коронавирус инфекциясымен ауырды. Бұл жай ғана тұмау немесе ЖРВИ емес, оны емдеу жолын да ешкім білмейді. Мәселен, Әбу-Дабидегі танысым коронавирус жұқтырды. Себебі, онда Дубайдағыдай қатаң талаптар қойылмаған.

- Арнайы борт жолаушылары арасында коронавирус жұқтырғандар болды ма?

- Жоқ, біздің жолаушылар арасынан коронавирус табылмады. Сондықтан, бізді үй карантиніне жібергелі жатыр. Медициналық мамандар бізге телефон арқылы немесе үйге келіп, карантин талаптарын сақтағанымызды тексереді. 24 күн бойы үйде болуымыз керек.

- Карантин мен оқшаулануды әр адам әртүрлі қабылдайды. Әсіресе, психологиялық тұрғыда қиын тиетіні байқалды. Оқшаулануды өз басынан өткерген адам ретінде қандай кеңес берер едіңіз?

- Ең алдымен, бойымызға қиын жүктемелер артпау қажет. Көптеген адамдар карантинде бұрын-соңды жасап көрмеген істерді қолға алуда. Оған қарағанда, қалыпты үйреншікті ритмді сақтап қалған дұрысырақ. Денсаулық үшін жаттығулар жасап, дәрумен ішіп, туыстарға хабарласу керек. Сонымен бірге, қазіргі уақытта адамның өзін негативті жаңалықтардан да оқшаулағаны маңызды болып отыр.

- Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңыз үшін рахмет!


Соңғы жаңалықтар