Дүкендер қант бағасын негізсіз көтерсе, қайда хабарлау қажет

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Сауда және интеграция министрлігі сауда комитетінің төрағасы Ержан Қазанбаев Қазақстанда қант тапшылығы болмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде елімізде қант қорының жеткілікті көлемі бар, елімізде бұл әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарына тапшылық жоқ. Қолда бар қор үнемі толықтырылып отырады, яғни 3 айдан кейін қант қоры таусылып, қант тапшылығы болады деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді», - деді Е. Қазанбаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен бірге, спикер сауда нүктелерінде бағаны көтеру фактілері болған жағдайда қайда жүгінуге болатынын түсіндірді.

«Сауда нүктелерінде бағаны көтеру фактілері анықталса, мынадай кері байланыс арналарына хабарласқан жөн: жергілікті атқарушы органдар (әкімдіктер), ҚР Сауда және интеграциялар министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің «e-Tutynushy» сайты, ҚР СИМ Сауда комитеті және ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі», - деді Ержан Қазанбаев.

Бұған дейін Е. Қазанбаев Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары 0,6%-ға қымбаттағанын айтқан еді.

Өңірлерде бір апта ішінде бағаның ең жоғары өсуі Маңғыстау облысында, Қостанай және Қызылорда облыстарында тіркелген.

Айта кетейік, Қазақстанда шамамен 90 мың тонна қант қоры бар және республика қантпен толық қамтамасыз етілген.


Соңғы жаңалықтар