Дубайдағы EXPO көрмесінің Қазақстан павильоны миллионыншы қонағын қарсы алды

None
None
ДУБАЙ. ҚазАқпарат - Бүгін Дубайдағы EXPO 2020 Dubai Дүниежүзілік көрмесіндегі Қазақстан Республикасының Ұлттық павильоны миллионыншы келушіні қарсы алды. ҚазАқпарат бұл туралы «QazExpoCongress» ҰК» АҚ-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Қазақстан павильонынан келген 1 миллионыншы қонақ Дубай қаласының 38 жастағы тұрғыны, кәсіпкер Махмуд Әл Бурай болды. Оған Қазақстанға тегін сапарлауға екі адамға арналған сертификат берілді. Әуе билеттерін Air Astana ұсынса, турды «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы ұйымдастырып отыр.

Махмуд Әл Бурайдың айтуынша, ол Қазақстанда бұрын-соңды болмаған. Сондықтан біздің елге келу мүмкіндігін жіберіп алмауға тырысатынын жеткізді.


«Достарым маған Қазақстан павильонына баруға кеңес берді. Олар оның EXPO-дағы ең үздік павильондардың бірі екенін айтты. Мен Қазақстанда ешқашан болған емеспін, содан болар павильонның мазмұнынан үлкен әсер алдым. Маған әсіресе робот қолмен ұсынылған қойылым ұнады, ол өте эмоционалды және керемет. Ал павильон алдында өнер көрсеткен ұлттық оркестр тамаша туындыларды орындауымен тәнті етті. Мен елдеріңізге барып, саяхат жасайтыныма өте қуаныштымын», - деді Әл Бурай.

Миллионыншы қонақты Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, Қазақстан Республикасының БАӘ-дегі Төтенше және өкілетті елшісі Мадияр Меңілбеков, EXPO 2020 Dubai көрмесі төрағасының халықаралық қатысушылар жөніндегі орынбасары Омар Шехаде, EXPO 2020 Dubai-дағы Қазақстан Республикасының Ұлттық секциясының бас комиссары Аллен Шәйжүнісов құттықтады.


Естеріңізге сала кетейік, EXPO 2020 Дүниежүзілік көрмесі Дубайда 2021 жылдың 1 қазаны мен 2022 жылдың 31 наурызы аралығында өтеді және ол Таяу Шығыстағы алғашқы EXPO көрмесі. Көрменің тақырыбы – «Ақыл-ойды біріктіріп, болашақты құру». EXPO 2020 Dubai ұйымдастыру комитетінің мәліметі бойынша, 15 ақпандағы есеп бойынша көрмені 13,5 млн адам тамашалаған. Ал Ұлттық павильонға күніне орта есеппен 8 мың адам келеді.

Аталмыш көрмеде Қазақстан павильоны «Әлем бейнесі» арт-жобасымен Гиннестің рекордтар кітабына енгенін жазған болатынбыз.

«Әлем бейнесі» картинасына павильонға әлемнің түкпір-түкпірінен келген адамдар қылқалам және бояулардың көмегімен өз қолтаңбасын қалдырған. Кенептің өлшемі планетамыздың кішірейтілген физикалық параметрлерінің ұзындығы мен еніне сәйкес келеді.


Соңғы жаңалықтар