Дубайда қазақстандық стартаптың кеңсесі ашылмақ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл шілде айында Дубай (БАӘ) қаласында қазақстандық INUI стартапының кеңсесі ашылады. Бұл туралы «Astana Hub» халықаралық IT стартаптар технопаркінің PR директоры Марат Шәкен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«INUI стартапы - компьютерлік ойындардың әділ өтуін қадағалайтын құрал. Яғни бұл стартаптың көмегі арқылы геймерлердің әділетті ойнауын бақылауға болады. Мысалы, спортта «допинг» деген түсінік бар, осы орайда INUI стартапын киберспорттағы допингпен күресудің оң шешімі десек болады. Стартап 2 жыл бойы жүзеге асып келеді және ол халықаралық деңгейде мойындалып үлгерді. Оған дәлел - жоба бүгінде киберспорт кеңінен дамыған Оңтүстік Корея және Шығыс Еуропа елдерінде ұсынылған», - деді Марат Шәкен.

Аталған IT жоба Astana Hub стартаптар технопаркінің толықтай бір қабатында орналасқан.

«Қазіргі уақытта INUI стартапының Дубай қаласында кеңсесін ашу мәселесі қаралып жатыр. Себебі бүгінде Дубай - әлемдегі киберспорт жоғары қарқынмен дамып келе жатқан қалалардың бірі. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жаңа кеңсе алдағы шілде айында ашылмақ. Одан бөлек, біз өз тарапымыздан IT саласында тың идеясы бар стартапшыларға тегін алаң мен қажетті жабдықтарды ұсына аламыз. Және идея авторларын инвесторлармен тікелей байланыс орнатуына мүмкіндік жасаймыз. Яғни, өз идеясын іске асырамын деген адамға жол ашық. Бізде инвесторлар күні деген арнайы шара бар, онда үздік деген стартап жобаларды қолдау көрсетуге дайын инвесторлардың назарына ұсынамыз. Сол арқылы жоба қаржыландырылады», - дейді ол.

Оның айтуынша, елордадағы стартаптар технопаркі 502 халықаралық IT компаниямен өзара тығыз байланыста жұмыс істейді.

Соңғы жаңалықтар