Дуалды оқыту жүйесі экономикаға қажетті мамандықтардың беделін арттырады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының мәліметтеріне сүйенсек, Қазақстанда дуалды оқыту жүйесін енгізу сұранысқа ие мамандықтардың беделін арттырады.

Мәселен, дуалды оқыту жүйесінде студенттер колледждерде тек 20-30 пайыз уақытын өткізеді, қалған 70 пайызын өндірістің басында өткізіп, тәжірибе үстінде білім алады. Ең негізгі қаржылық шығындарды өнеркәсіптің өзі мойнына алады. 2,5-3 жылдық оқу аяқталғаннан соң, түлектер жұмыс іздеу машақатын көрмейтін болады. Бұл тұрғыда жұмысқа орналасу үлесі шамамен 90 пайыздың үстінде болады. Сонымен қатар қайта дайындықтан өткізуге қаражат жұмсау қажеттілік етпейді.

Диплом алысымен түлек өте білікті маман болып шығады. Осы тұста айта кеткен жөн, Қазақстанда дуалды оқыту жүйесін енгізу сұранысқа ие мамандықтардың беделін арттырады. Себебі ол мамандардың алдында үлкен жол ашылады. Аталған жүйе елдің еңбек нарығын жоғары білікті мамандармен қамтамасыз етуге септігін тигізбек.

Осы орайда дуалдық жүйе арқылы колледждерге көбірек көңіл бөлінетін болады. Бүкіләлемдік банктің мәліметтеріне қарағанда, дүниедегі 192 елдің тек 16 пайызында ғана экономикалық өсім нақты капиталдың арқасында қамтамасыз етіледі. Ал олардың 20 пайызы табиғи байлықтарымен ерекшеленсе, 64 пайызында өсім адами ресурстардың нәтижесінде қамтылады. Бұдан бөлек, бәсекелестік аясында адами ресурсты дамытуға қатысты соңғы жылдары әлемдік деңгейде ілгерілеушілік бар. Бұндай үрдістен Қазақстан да шет қала алмайды. Оның үстіне елімізде индустрияландыру саясатында табысқа жеткізу мәселесі де ең алдымен адами ресурсқа, соның ішінде техникалық мамандықтардың жеткілікті санымен қамтамасыз етуге қатысты болмақ.

Соңғы жаңалықтар