ДСҰ-ға мүшелік ең алдымен біздің экспортқа қатысты сыртқы нарықтағы әділ қарым-қатынасқа кепілдік береді

None
None
А. Қарашаның 12-сі. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Әлемдік нарықтағы сауда-саттықта дүние тұтқасын ұстаған елдермен тең мүмкіндікке ие болу үшін Дүниежүзілік   сауда  ұйымына  мүше болудың маңызы зор.  Бүгінде  осы мақсатқа  орайластыра  жүргізіліп жатқан  шаруалардың   біразының   басы  қайырылды.  ДСҰ аясында атқарылып жатқан  сол жұмыстардың барысы туралы Индустрия және сауда вице-министрі Жанар Айтжанова    

әңгімелейді.

 - Біз ДСҰ-ға Қазақстанға қажет болғанда және тиімді шарттар арқылы ғана кіреміз деп мәлімдеген болатынбыз. Сонымен  бұл ұйымға кіру  қашанға жоспарланып отыр?

    - Дүниежүзілік сауда ұйымына ену арқылы жаһандық экономикаға ықпалдасу Қазақстанның сыртқы саяси басымдығы болып қалады. Осы орайда аталған халықаралық ұйымға аяқ басу келіссөздер үдерісіне байланысты екенін айту керек. Өйткені қазір үш ел- Қазақстан, Беларус және Ресей Кедендік одаққа аяқ басқалы тұр. Ал ДСҰ-ға кіру мен Кедендік одақты құру бойынша келіссөздер қатар жүргізілді. Алайда бірыңғай кедендік одақтың идеясын талқылау бұрынырақ басталды және Қазақстанның экономикалық мүддесіне сәйкес, оны құру қарқыны әлдеқайда жылдам болғанын да ескеру қажет. Сондықтан, ДСҰ-ға ену мәселесі әлі де болса жүргізіліп жатқан келіссөздердің үдерісіне байланысты болып отыр.

       - Соңғы кезде Кедендік одақ атынан сауда ұйымына  мүше болу мәселесі айтылып жүр. Бір  одақ аясында ДСҰ-ға кірудің мүмкіндіктері қаншалықты?

     - Бірыңғай кедендік аумақты іске қосу экономикалық ықпалдастықтың жоғары деңгейіне жетелейтін алғашқы қадам болып саналады. ДСҰ келіссөздерінде, я болмаса Кеден одағы бойынша келісімдерде Қазақстан әрқашан өзінің мүддесін орындауды талап етіп қойды.

      Бұл одақ 2010 жылғы қаңтардың 1-інен Ресей, Беларус және Қазақстан  Кеден одағына іс жүзінде кіріседі. Ал Кеден одағы ДСҰ шарттары аясында қалыптасуы үшін одаққа қатысушы мемлекеттердің аталған халықаралық ұйымға бір мезгілде үйлестірілген талаптар бойынша кіруі  турасында шешім қабылданды. Сол себепті ДСҰ-ға кіру бойынша жеке келіссөздер тоқтатылып, үш елдің өкілдерінен құралған бірыңғай келіссөздер жүргізу командасы құрылды. Олар ДСҰ-ға мүше мемлекеттермен бұдан ары келіссөздер жүргізу бойынша ұсыныстар дайындау мақсатында Кеден одағы елдерінің жекелеп жүргізген келіссөздер нәтижесі бойынша қабылданған міндеттерге талдау жасауда. Бұл келіссөздер жалғасады, алайда онда келер жылдан аяқ басатын Кеден одағы ескерілетін болады.

      -  Бүгінде Қазақстанның ДСҰ-ға өтуі бойынша қанша елмен келіссөздер аяқталды және қаншасымен келіссөздер жалғасуда?

       - Еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі үдерісі 1996 жылдың қаңтар айында басталды. Онда Қазақстанның ДСҰ-ға енуі туралы ұйымның хатшылығына ресми өтінім жасалған болатын. Осы жылдың ақпанында ДСҰ-дағы байқаушы ел мәртебесі берілген еді. Осымен қатар еліміздің бұл ұйымға енуі бойынша жұмыс тобы құрылды. Оның құрамында Ұйымға мүше 43 елдің өкілдері жасақталған. Атап айтқанда, Қазақстанның барлық негізгі сауда әріптестері, яғни ДСҰ-ға кіру кезіндегі республиканың талаптары мен міндеттерін талқылауға ниет білдіргендер жұмыс тобына енгізілді.

      1996 жылмен 2003 жылдың аралығында тиісті шарттарға сәйкес ұйым хатшылығына ауқымды көлемдегі ақпараттық материалдар мен міндетті құжаттар бағытталды.       Осы арқылы 2003 жылы Қазақстан ДСҰ-ға ену үдерісінің ақпараттық  кезеңін аяқтап, ұйымдағы мүшеліктің шарттарын айқындау бойынша жұмыс тобындағы мүше елдермен келіссөздердің белсенді сатысына кірісті. Женева қаласында жұмыс тобының 10 отырысы өтті.

     Зияткерлік меншік құқын қорғау, техникалық реттеу, санитарлық және фитосанитарлық, антидемпингтік, компенсациялық, кедендік істер, сондай-ақ басқа да шараларды қолдану бойынша Қазақстанның қолданыстағы заңнамасын ДСҰ нормаларымен сәйкес келтіру тұрғысында ауқымды жұмыстар атқарылды.

        Бүгінде ДСҰ-ға Қазақстанның енуі аясында қазақстандық нарыққа қызмет көрсету мен тауарлардың қол жетімділігі бойынша екіжақты келіссөздердің аяқталғандығы жөніндегі хаттамаларға Ұйымға мүше 22 елмен қол қойылды.

        Олардың ішінде Қырғызстан, Грузия, Пәкістан, Түркия, Қытай, Корея Республикасы, Оман, Жапония, Куба, Мексика, Норвегия, Гондурас, Доминикан Республикасымен, Болгария, Швейцария, Мысыр, Израиль, сондай-ақ Бразилия, Малайзия, Канада, Австралия, Үндістан  мемлекеттерімен келіссөздер аяқталды.

      Ал тауарлар нарығына кіру келіссөздері АҚШ, Эквадор, Эль-Сальвадор және Сауд Арабиясы Корольдігімен, сондай-ақ қызмет көрсету нарығына қатысу бойынша АҚШ, ЕО, Сауд Арабиясы Корольдігімен әлі біткен жоқ.

  

      - ДСҰ-ға кіру арқылы экономикамызды әртараптандыру бағыты жөнінде және еліміз бұл салада қандай басымдықтарға ие болатыны тұрғысында, сондай-ақ ұйымға өткен жағдайда Қазақстанның шикізатты өңдеу саласына инвестиция ағымы қалай болатыны туралы тарқатып айтып берсеңіз?

     - Қазақстанның алдында бүгінде экономиканың шикізаттық бағытын өзгерту тұрғысында, яғни оны әртараптандыру мен дайын өнімнің экспортын ынталандыру секілді маңызды міндет тұр.

Қазіргі кезде Индустриялық-инновациялық дамудың бағдарламасы әзірленуде. Оны жүзеге асыру аясында басым салалар ретінде металлургия, фармацевтика, химия, құрылыс материалдарын өндіру, агроөнеркәсіптік кешені белгіленіп отыр.

      ДСҰ-ға мүше болып ену өз кезегінде халықаралық сауда мен субсидиялау ережелеріне сәйкес келуді, әлемдік тауарлар мен қызмет көрсету нарығында қазақстандық өндірушілер үшін қолайлы жағдай жасауды қамтиды.

      Сонымен қатар ДСҰ-ға енудегі басымдықтарға:

- халықаралық сауда ережелерін әзірлеу кезінде көпжақты сауда келіссөздерінде тиімді қатысу жолы арқылы өзіміздің ағымдағы және стратегиялық сауда-экономикалық мүдделерді жүзеге асыру мүмкіндігі;

- еліміздің ішкі заңнамасының нарықтық экономиканың талаптарына бейімделуін  ДСҰ нормаларына сәйкес жетілдіру арқылы іске асыру;

-елімізге капиталды тарту арқылы қосымша жұмыс орынын құру мен халықтың әл-ауқатын көтеру, оның ішінде тікелей инвестиция тарту шараларын жатқызуға болады.

 

      - Ал енді ДСҰға кіру қарсаңында елдегі өнеркәсіп, өндірістеріміз қаншалықты бәсекеге қабілетті өнім шығарып отыр?

     - Қазақстанның ДСҰ-ға енуі, біріншіден, басқа елдердің нарығында біздің экспортқа әділ қарым-қатынасты кепілдік етеді, сонымен бірге бізге шетелдік тауарлар мен қызмет түрлерін ішкі нарықта осындай жағдаймен қамтамасыз етуді міндеттейді.

      Мұнымен қоса, ұйымға мүшелік Қазақстанға Дүниеүзілік сауда ұйымы құрамындағы елдердің нарығына тауарларды бұл мемлекеттердегі ішкі көліктік тариф бойынша экспорттауға мүмкіндік жасамақ.

     Үшіншіден, бүгінде Қазақстанның жалпы тауар айналымының 50 пайыздан астамы ДСҰ-ға мүше елдердің үлесінде. Сондықтан елімізге жалпы құқықтық кеңістік аясында өзіміздің ірі сауда серіктестермен сауда жасау маңызды.

      Төртіншіден, қазақстандық заңнаманы ДСҰ-ның негізгі келісімдеріне сәйкес үйлестіру болашақта отандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін жақсартуға жетелейді. Мысалы, техникалық регламенттер мен стандарттарды әзірлеу кезінде бастапқы негізге жалпы мойындалған стандарттарды қабылдау сыртқы нарықтарға отандық тауарлардың шығуына ықпал етеді.

 

     Бесіншіден, Қазақстанның ДСҰ-ға енгеннен кейін осы ұйымға мүше елдердің тарапынан қазақстандық тауарларға қатысты қазіргі кедергілерге тоқтау салынып, жаңа кедергілер енгізілмейтін болады. Мысалы ЕО елдері бүгінде қазақстандық болат өнімдердің импортталуына байланысты квота қолданады. 2006 жылы оның көлемі 205 мың тонна деңгейінде белгіленді. Қазақстанның ДСҰ-ға енгеннен кейін аталған шектеу жойылады деп күтілуде.

     Өз кезегінде Жұмыс тобындағы мүше елдермен өнеркәсіптік тауарлардың импортына кедендік баж салығының деңгейлерін анықтау мен келісу шаралары мемлекеттің индустриялық-инновациялық дамуының болашағы, сондай-ақ өнеркәсіптік кластерлерді дамыту бойынша қабылданған бағдарламалар ескеріле отырып жүргізілуде.

     Осыған байланысты отандық өндірушілер үшін бәсекенің тең шарттарын қамтамасыз ету мақсатында: өндіріліп жатқан, сонымен қатар экономиканың қайта өңдеу секторын дамыту және әртараптандыру аясында өндіріске жоспарланып отырған тауарлар бойынша жоғарғы тарифтік қорғау (онда мұнай-химия өнеркәсібінің, жиһаз, тоқыма өнімдері, құрылыс материалдары және тұрмыстық техника мен басқа да өнімдер бар);

      кедендік тарифтерді ырықтандыру, яғни тауардың өңделу деңгейіне байланысты кедендік баждың  көлемін ұлғайту қарастырылған, тоқыма және химиялық үйлесім талаптарын қоспағандағы, жекелеген секторларда (секторлық бастама) кедендік бажды 0 пайыз деңгейінде белгілеу қарастырылуда.

     Қазақстан ырықтандырылған тарифтерді бекітуде отандық тауарлардың өндірушілеріне шығын келтірмейтін,   яғни өзіміздің өндірісте жоқ немесе өндіріс жеткіліксіз болған жағдайда алыс шет елден импортталып келетін тауарларға еліміз мүдделі болғандағы  секторлық бастаманың осы бөлігіне қосылды.

       Оған жоғары технологиялық машиналар мен жабдықтар,  әлеуметтік маңыздағы дәрілік заттар, сондай-ақ Қазақстанда шығарылмайтын тауарлар жатқызылады.

Соңғы жаңалықтар