ДСҰ аясында Қазақстан тауарларға экспорттық кедендік баж қолдануды сақтап қалды - ҰЭМ

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан тауарларға экспорттық кедендік баж қолдануды сақтап қалды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Ұлттық экономика министрлігі Сыртқы сауда қызметін реттеу департаментінің директоры Жәнел Күшікова мәлім етті.

Айта кетерлігі, Қазақстанда экспорттық баж шағын тізбедегі тауарлар түрлеріне енгізілген, соның ішінде терілерге, үй жануарларының терілеріне, қара және түсті металлдар сынығына, мұнай және мұнай өнімдеріне енгізіліп отыр. Бұл ретте баж салығы реттеуші құралын атқаратын болады. Осы арқылы ішкі нарық отандық өндірушілер үшін қажетті деңгейдегі шикізатпен толық қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар мұнай мен мұнай өнімдеріне экспорттық баж бюджетті толықтырады.

«Жалпы Еуропалық Одақ экспорттық баждарды алып тастау саясатын ұстанады. Дегенмен, Еуропалық Одақпен салмақты жүргізілген келіссөздер нәтижесінде біз бүгін қолданылып жүрген тізбедегінің бәріне дерлік экспорттық бажды қолдану мүмкіндігін сақтап қалдық», - деді Ж.Күшікова.

Оның сөзіне қарағанда, тауарлардың басқа түрлеріне экспорттық кедендік баж салығын қолдану бойынша шешімдер тек ДСҰ мүшелерімен келісілгеннен соң ғана мүмкін болады.

«Мұнай мен мұнай өнімдеріне келетін болса, біз бұл ретте кедендік баждарды ресейлік форма бойынша есептеу мүмкіндігі туралы да қарастырдық. Әлемдік конъюнктура мен мұнай бағасының құлдырауына қатысты біз бүгінгі күні экспорттық бажға біршама төменгі ставканы қолданып келеміз. Егер әлемдік нарықта мұнай бағасы көтерілетін болса, онда біз бюджетке кірісті арттыру үшін оны да көтере алатын боламыз», - деді департамент басшысы.

Соңғы жаңалықтар