ДСМ қажыларға түйелер көп жиналатын жерге жақындамауға кеңес берді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті Қажылыққа баратындар үшін жадынаманы жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Комитеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Қажылыққа жыл сайын әлемнің 160 елінен 2 млн астам адам қатысады.

Сауд Арабиясы Коронавирустық инфекция, менингококк инфекциясы бойынша қолайсыз ел болып табылады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша 2012 жылдан бастап қазіргі кезге дейін әлемде таяу шығыс респираторлық синдромының коронавирусымен ауырудың зертханалық түрде расталған 2103 жағдайы тіркелген, оның ішінде 730-ы өліммен аяқталған, оның 80%-дан астамы Сауд Арабиясында.

Коронавирустық инфекция - бұл айқын уланумен және респираторлық жолдардың жоғары бөліктерінің зақымдануымен сипатталатын (көп мөлшерде серозды бөліндісі бар ринит, әлсіздік, әлсіреу, тамағының жыбырлауы, құрғақ жөтел) респираторлық ауру. Аурудың ағымы ауыр болған кезде мүмкін болатын өлім жағдайымен жоғары пневмония дамиды.

Менингококк инфекциясы - менингококктан пайда болатын, бас ми қабығының қабынумен өтетін жіті инфекциялық ауру. Ауру ауа-тамшы жолымен (жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлескенде) беріледі. Ауру көзі тек қана науқас адам немесе инфекция тасымалдаушысы болып табылады, инфекция көзі ретінде менингококкты назофарингитпен ауыратын науқастар қауіпті, себебі олар жөтелгенде, түшкіргенде қоздырғышы сыртқы ортаға белсенді таралады.

Қажылық кезінде 2000 жылдары менингококк инфекциясының өршуіне байланысты Сауд Арабиясы Корольдігінің денсаулық сақтау министрілігінің қажыларды қажылыққа дайындау мәселесіне қоятын маңызды талаптарының бірі дәрігер қорытындысымен медициналық тексеруді жүргізу және міндетті түрде менингококк инфекциясына қарсы вакцинациялау болып табылады.

Профилактикалық егулер туралы мәліметтер визаны ресімдеу кезінде және Сауд Арабиясына кірерде ұсынылатын тиісті сертификаттарда көрсетілуі тиіс.

«Қажылық кезінде адамдар көп жиналатын жерлерде болған кезде жеке профилактика шараларын ескеру қажет:

- қолды сабынмен жиі жуу, дезинфекциялайтын сулықтарды пайдалану;

- жөтелген және түшкірген кезде сулықты пайдалану;

- ауырған адамдармен қарым-қатынаста болмау және олардың жеке заттарын пайдаланбау;

- адамдар көп жиналатын жерлерде мүмкіндігінше бір рет қолданылатын бетперделерді пайдалану;

- түйелер көп жиналатын жерлерге жақындамау және олармен тікелей жанаспау;

- қайнатылмаған және пастерленбеген түйе сүтін пайдаланбау, сондай-ақ ұйымдастырылмаған сауда орындарынан тамақ өнімдерін сатып алмау;

- өзін жәйсыз сезінудің кез келген белгілері пайда болған кезде дәрігерге жүгіну;

- сапардан қайтып келген кезде және аурудың кез келген белгілері (қалтырау, дене қызуының көтерілуі, әлсіреу, тамағының ауруы және басқалар) пайда болған жағдайда  жақында Қажылыққа барғандығы туралы дәрігерді хабардар ете отырып, дереу медициналық ұйымға жүгіну қажет»,- делінген баспасөз хабарламасында.

Еске сала кетейік, ертең қазақстандық мұсылмандар қажылық сапарға аттанады. 

Соңғы жаңалықтар