Дронмен түрмеге есірткі кіргізбек болғандар 10 жылға дейін сотталуы мүмкін

None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкентте түрмеге есірткіні дрон арқылы өткізбек болғандар 10 жылға дейін сотталуы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жоғары қауіпсіздіктегі мекеме аумағының үстінен ұшып өткен дрон «сәлемдемені» тастап, иесіне қайта оралған. Ал, кезекшілікте тұрған жедел бөлім қызметкерлері мен 6506 әскери бөлімінің сарбаздары бұл жайтты бірден байқап, тыйым салынған затты дер кезінде қолға түсірді.

Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері мұндай оқиғаның бұрын-соңды болмағанын айтады. Дронға байланған затты «тастап кетудің» жолы шебер ойластырылған. Аппаратты жүргізіп тұрған адам дронды ары-бері шайқаған, сол кезде оның қанаттары зат байланған жіпті қиып, «сәлемдемені» түсіріп кеткен.

«Оқиға орнына шақыртылған жедел-тергеу тобы ораманы ашу кезінде ішінен шыққан өзгеше исі бар жасыл түсті затты сол арада сараптамаға жіберді. Жедел топ қызметкерлері дрон операторының көлігін байқап, орталық бақылау басқармасының камералары арқылы ізіне түсті. Нәтижесінде, оператор мен жүргізуші тұрған үйден екі дрон мен өзге де заттар тәркіленді. Бүгінгі таңда тапсырысты әуемен жеткізіп берушілердің ісімен тергеушілер айналысып жатыр. Олар 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін», - делінген департаменттің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.


Соңғы жаңалықтар