Дрон немесе пилотсыз аппараттарды ұшыру үшін қай мекемеден рұқсат алу керек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚазАқпараттың ресми сауалына ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Азаматтық авиация комитеті жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 12 мамырдағы № 506 қаулысымен бекітілген ҚР Әуе кеңістігін пайдалану ережелерінің 32-тармағына сәйкес, пайдаланушылар ұшқышсыз аппараттарды ұшыру рұқсатын Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Әуе қозғалысын басқару орталықтарынан ала алады. Сонымен қатар, күзетілетін нысандардың үстінен ұшыру жағдайында ол рұқсатты ҚР Мемлекеттік күзет қызметі кемінде 5 жұмыс күні ішінде мақұлдайды», - деп хабарлады комитеттен.

Сонымен қатар, ведомство 2019 жылдың басынан бері пилотсыз ұшу аппараттарын рұқсатсыз ұшырғаны үшін 6 пайдаланушы айыппұл салынғанын хабарлайды.

Азаматтық авиация комитеті сонымен қатар, Нұр-Сұлтанның Есіл ауданында «Геомаркшейдер» компаниясы жоғалтқан «Geoscan 101» пилотсыз ұшу аппаратына қатысты түсінік берді.

«Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 4 қарашадағы № 1296 қаулысымен бекітілген ережелерге сәйкес, жолаушылар мен авиациялық экипаждарды іздестіру және құтқару бойынша жүргізілетін іс-шаралар кешені міндетті түрде жүргізіледі. Ал пилотсыз ұшу аппаратын жоғалтқан жағдайда оны іздеп табу - пайдаланушының өз міндеті», - деген жауап келді комитеттен.

Айта кету керек, «Геомаркшейдер» компаниясы жоғарыда аталған ұшу аппаратын қайтарған немесе тапқан адамға 100 мың теңге көлемінде сыйақы бергелі отыр.

Соңғы жаңалықтар