«Древний Рим» мейрамханасындағы жас жігіттің өлімі: Сот үкім шығарды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Бүгін Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты «Древний Рим» мейрамханасының жанындағы жаппай төбелесте адам өлтіру фактісі бойынша айыпталушыларға сот үкімін шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үкім АК-159/1 мекемесінде жарияланды. Бұл мекемеде барлық сот отырыстары өтті. Аталған іске қатысы бар 13 айыпталушыға қатысты үкімді судья Шәріп Сейсембаев оқыды.

Негізгі айыпталушы Юсиф Нурулу 19 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкімді оқылған кезде оның анасы есінен танып, оған медициналық көмек көрсетілді. Бас бостандығынан айырудан бөлек, сот жәбірленуші тарапынан берілген азаматтық талапты да ішінара қанағаттандырды. Нәтижесінде Юсиф Нурулу қаза тапқан жігіттің отбасына 3 млн теңге төлеуі тиіс.

Қаза тапқан жігіттің әкесі Бақытжан Жансейіт жәбірленуші ретінде 30 млн теңге көлемінде моральдық және материалдық зиянды өтеу туралы талап арыз берген.

Шығарылған сот актісіне сәйкес Торгом Малхасян, Хачатур Оганнисян, Жасур Пиров, Каир Надырбеков, Давид Галкин және Нурулу Васиф 4-тен 4,5 жылға бас бостандығын шектеу жазасы кесілді. Тағы төрт айыпталушы - Тигран Степанян, Армен Оганнисян, Болат Жұмамұратов, Илья Щурок үш жылға бас бостандығынан айырылды. Ал екі сотталушы – Сохак Малхасян мен Армен Хачатрян жәбірленушімен татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылды.

Іс материалдарына сәйкес, 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түні «Древний Рим» мейрамханасында төбелес болған. Ішімдікке масайған мейрамхана қонақтары мекеме қожайындарынан музыканы жалғастыруды талап еткен. Сосын екі жақ арасында келіспеушілік шығып, қонақтар өздері аз болғандықтан, телефон арқылы дастарын шақырған. Келгендердің арасында Рахымжан Жансейіт те бар еді. Төбелес кезінде санынан және ішінен жарақат алған жігіт оқиға орнында қайтыс болды. Сараптамаға сәйкес, 23 жастағы жігіт аса көп мөлшерде қан жоғалту салдарынан қайтыс болған.

Еске сала кетейік «Древний Рим» мейрамханасының жанындағы төбелестен жас жігіттің қаза болуына байланысты қоғамда үлкен дау туды. Қарағандыда бірнеше күн бойы кінәлілерді іздеу және жазалау талаптары бойынша наразылық акциялары өтті. Әлеуметтік желілерде ұлтаралық қақтығыс туралы хабарламалар мен жазбалар тарады. Кейінірек осындай ақпаратты таратушыларға қатысты жеке қылмыстық іс қозғалды.

Соңғы жаңалықтар