Драмаға еш себеп жоқ – Ерлан Қарин

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Президентінің кеңесшісі Ерлан Қарин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Немецкая волна» телерадиокомпаниясына берген сұхбатына пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Президент Тоқаевтың «Deutsche Welle»-ге берген сұхбаты көптеген ақпараттық ресурстардың басты жаңалықтарынан көрінді. Бұл сұхбатта Мемлекет басшысы Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатындағы көптеген өзекті сұрақтарға жауап берді. Олардың бірі – Қазақстанның 2014 жылғы Украинадағы оқиғаларға реакциясы туралы еді. Президент сөзбе-сөз «біз болған оқиғаларды аннексия деп атамаймыз» деді. Яғни, ол «келіспеймін», «мойындамаймын» немесе «жоққа шығарамын» деген жоқ, бұл оқиғаларды солай деп «атамайтынын» жеткізді. «Атамау» және «келіспеу» сөздерінің мағынасын ажырата білу үшін кәсіби филолог болудың қажеті жоқ. Өз жауабында Президент Тоқаев біздің елдің ресми ұстанымын өзгертпеді, аймақтың мәртебесі туралы айтпады, сондықтан Президент түсініктемелерінен жаңа мән-мағына іздеудің пайдасы жоқ. Тиісінше, жағдайды драмаландыруға еш себеп жоқ», - деді саясаттанушы.

Сонымен бірге, Ерлан Қарин еліміз Киев пен Мәскеу арасында тікелей екіжақты диалог орнатылатынына үміт білдіретінін атап өтті.

«Deutsche Welle»-ге берген сұхбатында Президент «болары болды» деп тағы бір негізгі ой айтты. Бұл да Мемлекет басшысының осы тақырыпқа көзқарасын білдіреді. Осылайша, Президент Тоқаев болған оқиғаларды бағалаумен тұралап қалмай, жанжалды шешудің жолдарын бірлесіп іздеуге шақырады. Қазақстан бұл ұстанымды әуел бастан ұстанды және өз позициясында қалады. Сондықтан, Қазақстан Киев пен Мәскеу арасында тікелей екіжақты диалог орнайтынына үміттенеді», - деді ол.

Президенттің кеңесшісі 3 күннен кейін кезекті Норман саммиті мен Украина-Ресей көшбасшыларының алғашқы жеке кездесуі болатынын еске салды. Оның айтуынша, Норман саммиті бүгін Қазақстан Президенті ресми сапармен болған Берлинде өтуі тиіс.

Соңғы жаңалықтар