Досаевтың Ұлттық банкке келуін кәсіпкерлер жақсылыққа балайды - Елдар Жұмағазиев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бұрынғы вице-премьер, бүгінгі Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевтың жаңа қызметін кәсіпкерлер жақсылыққа балайды. Бұл туралы «Атамекеннің» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Елдар Жұмағазиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Соңғы кездегі ішкі өнімдегі несиенің үлесі азайған еді. Осыған байланысты Ерболат Досаевтың Ұлттық банкке келуін кәсіпкерлер жақсы қарсы алып жатыр. Себебі, соңғы кездері оны біз экономикаға жауап берген вице-премьер ретінде көрдік. Қоян-қолтық жұмыс атқардық. Үмітіміз зор», - деді Елдар Жұмағазиев Астанада «Мемлекет басшысы Жолдауында, Бес әлеуметтік бастамада атап өткен тапсырмаларды іске асыру аясында экономикалық өсімнің жаңа үлгісін қалыптастыру, халықтың кірістерін және өмір сүру сапасын арттыру» тақырыбында өткен панельдік сессияда.

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары атап өткендей, жалпы заңды тұлғалардың үлесіне қарайтын болсақ, кәсіпкерлердің ішінде несиелік деңгей былтыр 4,6 пайызға төмендеп, қарапайым халықтың үлесі 16,8 пайызға өскен.

«Несие беруде елімізде кейбір мәселелер бар. Оны біз жасырмаймыз. Екінші жағынан, несие алатын мекемелер де өңірлерде көп емес. Елбасының тапсырмасы бойынша экспортқа бағытталған компанияларға 600 млрд теңге берілгелі отыр. Шыны керек, экпортқа шығаруға мүмкіндігі бар компанияларды қазіргі уақытта іздеп жатырмыз», - дейді Елдар Жұмағазиев.

Оның айтуына қарағанда, шикізатты өңдеп, экспортқа шығаруға қауқарлы компаниялар іздестірілуде.

«Ол мәселені Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент те көтеріп, ол санатта қанша компания бар екенін сұраған еді. 30-ға тарта компанияға диагностика жасалды. Экспортқа әлеуеті бар компаниялар белгілі бір мәселені айтады: ең біріншісі әрі ірісі - курс бойынша айырмашылық. Біздің көптеген компаниялар экспортқа өнім шығаруға қауқарлы болса да, шикізатты көбіне-көп Ресейден алады. Ал Ресейдегі ақшаның курсы өсіп кетер болса, шикізаттың бағасы да шарықтайды. Екіншіден, қарыз алу бойынша банктің пайыздары. Айналымдағы капиталды қаржыландырудың өткір қажеттілігі бар. Өндірісті арттыру бағытында инвестиция қажет болып жатады», - дейді ол.

Елдар Жұмағазиев өз сөзінде кейде кәсіпкерлердің қарапайым тілмен айтқанда білімдері де жетіспей жататынын айтып өтті.

«Белгілі бір компанияның қаржылық ахуалына талдау жасар болсақ, сол мекемені басқарып отырған басшысының өзінің білім деңгейі жетіспейтінін көреміз. Соған байланысты біз ұсыныс беріп, ортаңқол кәсіпкерлерді оқытуға шақырамыз. Оқыту мүмкіндіктерін қарастырып жатырмыз», - дейді ол.

Фото: atpress.kz

Соңғы жаңалықтар