Досаев қаржы министріне: Сізге жан-жақты қысым болады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Орталық мемлекеттік органдар орындай алмайтын мақсаттарды мойнына алмауы тиіс. Бүгін ҚР Қаржы министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде Премьер-Министрдің орынбасары Ерболат Досаев осындай талап қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиын барысында вице-премьер бюджеттік процестер тиімділігі бойынша жұмыстарды жеделдетіп, оны стратегиялық жоспарлаумен үйлестіру қажеттігіне баса назар аударды.

«Біз бес жылдан кейін белгілі бір салада мынадай көрсеткіштерге қол жеткіземіз деп міндет қойып жатамыз. Ал одан кейін біздің орталық мемлекеттік органдар «Қаржы министрлігі ақша бермегендіктен қол жеткізе алмадық» деп шығады. Қаржылай қамтамасыз ету болмаса неліктен мұндай міндеттемелер алуға рұқсат береміз? Жұмыс қиын. Әлихан Асханұлы, әдетте сізге қысым жасайтын болады, жан-жақтан үздіксіз қоңырау түседі», - деді қаржы министріне қайырылған Ерболат Досаев.

Вице-премьер жергілікті бюджеттің ашықтығын қамтамасыз етуге қатысты проблеманың да бар екенін айтты.

«Бүкіләлемдік экономикалық форумның жаһандық бәсекеге қабілет рейтингінде біз «Бюджет ашықтығы» индикаторы бойынша 2017 жылы 53 балл алдық. Бұл қоғамның бюджеттік процестерге қатысуы және бюджеттік құжаттарға қолжетімділігі лайықты деңгейде еместігін білдіреді. Бізде жергілікті бюджетпен байланысты мәселелер де қалып отыр. Бұл жерде әдістемелік тұрғыда қажетті ұсыныстар енгізу қажет. Ағымдағы жылы Бюджет және Салық кодекстеріне өзгерістер енгізу көзделіп отыр. Осы нормалардың барлығын беріңіздер, қарастырайық», - деді Е.Досаев.

Соңғы жаңалықтар