Дос Көшім: Мемлекеттік тіл туралы жаңа заң қажет

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мемлекеттік тіл туралы жаңа заң қажет. Бұл туралы «Тіл тұтастығы - ел тұтастығы» атты онлайн-конференциясында қоғам қайраткері Дос Көшім айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


«Жұмысымның бір бағыты - орыс тілді азаматтарға қазіргі жағдайды түсіндіру. Оның себебі шындығына келгенде олар қазіргі қазақ тілінің жағдайын, қандай проблемасы бар екендігін мүлдем білмейді. Олар терминдерді мүлдем түсінбейді. Белгілі бір ұғымдарды олар басқаша, қазақ тілділер басқаша түсінеді екен. 180-нен астам кездесу өткізгенде өз көзімізбен көрдік. Керек десеңіздер ресми тіл, мемлекеттік тіл, тілдік дискриминация, қостілділік дегенге олардың өздерінше ұғымы бар. Олар - өзінше бір әлем. Бізде қазір қоғам тілдік белгіге қарай қазақ тілді қоғам, орыс тілді қоғам болып екіге бөлініп кеткен сияқты. Әңгіме біздің әрқайсымыздың газет-журналды оқуымыз немесе телеарнадан хабар көруімізде емес. Әңгіме өмірде болып жатқан түрлі құбылыстарға көзқарасымыздың өзгешелігінде», - деді қоғам қайраткері.

Оның айтуынша, сондықтан да орыстілді азаматтарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет.

«Сол жерде пікірталас, қызықты сұрақтар қойылады. Оларға түсіндіре отырып, бүкіл аудиторияны қазақ тіліне деген позитивті көзқарасқа алып келуге болады. Бұл қарапайым азаматтарға, әсіресе жастарға өте керекті бағыт. Содан кейін ұлтаралық тіл дегенге абай болайықшы. Жалпы ұлтаралық тіл дегенде екі түрлі түсінік бар. Біріншіден, иә Қасым-Жомарт Тоқаев «қазақ тілін ұлтаралық тіл деңгейіне алып келейік» дегенде қазақстандықтың бәрі қазақ тілінде сөйлеуді барлық жерде қолдансын деген оймен айтты. Бірақ, ұлтаралық тіл дегеннің заңдық негізі бар. Заңдық түрдегі термин ретінде қолданылады. 1998 жылғы «Тіл туралы» заңның 2-бабында былай жазылған: «Қазақстандағы ұлтаралық қатынас тілі - орыс тілі». Сол қазір көп адамның миында қалып қойыпты. Еш уақытта ұлтаралық тіл заңмен белгіленбейді, заңмен анықталмайды. Бұл адам құқығының бұзылуы», - деді Дос Көшім.

Қоғам қайраткерінің атап өтуінше, елімізде мемлекеттік тіл туралы жаңа заң керек.

«Ол заң солқылдақ емес, нақты болуы керек. Ол қажеттілік тудыратын заң болуы тиіс. Тілге қажеттілік тудырмаса, оны ешкім үйренбейді, көңіл бөлмейді. Ал қажеттілікті заң арқылы тудыруымыз керек. Заңның ішінде белгілі бір талаптар, жазалар болуы қажет», - деді ол.



Фото: abai.kz


Соңғы жаңалықтар