Дөрекі мемқызметкер, жалған ақпарат пен журналист мәртебесі – Ақпарат министрлігі түйткілдердің шешімін атады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін елордада өңірлік мерзімді басылымдар форумы басталды. Ол екі күнге созылады. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан шарға еліміздің әр өңірінен 200-ден астам делегат шақырылған. Ведомство ұсынған талқы алаңында өңірлік БАҚ-ты дамыту, журналистің ықпалы мен мәртебесі, газеттегі жарнама және монетизация әдістері және БАҚ-та балалар контентін қалыптастыру сияқты мәселелер көтерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрлік халықты жалған ақпараттан қалай қорғамақ?

Өңірлік мерзімді басылымдар форумында алғаш болып сөз алған Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов министрлікке аймақтардағы бұқаралық ақпарат құралдарын дамыту бойынша бірқатар тапсырма берді.

«Егер 2016 жылы Қазақстанда 2 мыңға жуық БАҚ тіркелген болса, бүгінде 5 мыңнан асты. Оның 70 пайызы баспа мен басылымдар. Бұл - медиа саласының қарқынды даму әлеуетінің ұлғайғаны мен оның болшағының зор екенін дәлелдейді. Отандық медианың әлеуетін одан әрі дамыту үшін алдымызда ауқымды міндеттер бар. Мемлекет басшысы өзінің сайлауалды бағдарламасында еліміздегі ақпараттық саясатты, жастар саясатын, азаматтық қоғаммен байланыс құралдарын жақсарту бойынша нақты тапсырмалар беріп, міндеттер қойды. Осы орайда, өңірлік БАҚ-тың мәселелерін: атап айтқанда, оқырмандардың саны мен басылым таралымын қайта көбейту, қаржыландыру және техникалық жаңарту, уақытылы жеткізу мен жергілікті БАҚ-тың ахуалын жақсарту бағытында министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесе жұмыс істеуі керек», - деді Алтай Көлгінов.

Сонымен қатар, вице-премьер қазақстандық медиа кеңістіктің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды.

«Әр аймақтағы басылымдардың өзіндік өңірлік ерекшеліктерін ескере отырып, мемлекеттік ақпараттық саясатты тиімді жүргізу форматын қалыптастыру қажет. Сала мамандарын, білікті сарапшыларды ақпараттық түсіндіру жұмыстарына тарту маңызды. Тағы бір мәселе – отандық медиа кеңістіктің қауіпсіздігі. Елімізде зиян келтіретін жалған ақпараттан халқымызды қорғау мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылуы тиіс», - деп түйіндеді А.Көлгінов.

Бұл мәселеге қатысты Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі де ерекше тоқталды. Оның айтуынша, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында шекарадағы аудандар отандық радиохабарлармен толық қамтылады.

«Ақпараттық қауіпсіздік мәселесі де назарда болуы керек. Сондықтан елдің шекаралас аудандарында отандық радиохабарлармен қамтуды кеңейту жұмысы күшейтіледі. Шекаралас аймақтарды радиохабар таратумен толық қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Бұған қоса, өңірлік БАҚ-ты қолдау үшін оларда жарық көрген мазмұнды мақалаларды республикалық басылымдарда жариялау тәжірибесін жалғастырған жөн. Бұл арқылы ұлттық журналистикадағы шығармашылық байланыстар нығайып, өңірлік мәселелерге тұтас еліміздің назарын аудара аламыз», - деді Дархан Қыдырәлі.

Өңірлік басылымдарды қолдау тарифі ұлғаяды

Форум барысында министр Дархан Қыдырәлі көтерген мәселенің бірі - жергілікті БАҚ-та қызмет етіп жүрген жастарды еліміздің белді басылымдарына жұмысқа тарту. Ол буын алмасу, дәстүр сабақтастығы сәтімен жалғасуы тиіс екенін баса айтты. Мұнымен қоса, ведомство басшысы газет-журналдардың таралымы төмендеп бара жатқанын мәлімдеді.

«Бүгінде газет-журналдардың таралымы төмендеп, оқырмандар ақпаратты негізінен интернет-ресурстардан алатыны белгілі. Соның салдарынан көптеген басылымдар өз жұмысын тоқтатуға немесе тираж санын күрт азайтуға мәжбүр болды. Әсіресе пандемия кезінде дәстүрлі баспалар күрделі тектоникалық өзгерістерді бастан кешірді. Бұл қиындықтар өңірлік басылымдарды да айналып өткен жоқ. Тиісті талаптарға сай келмегендіктен, бөлінген қаражаттардан құр қалған редакциялар аз емес. Кейбір БАҚ-тар түрлі себептермен жекешеленіп те кетті. Мәселен, аудандарда 159 газет жекеге өткен. Бірақ біз өңірлік басылымдарды жекеменшік не мемлекеттік деп бөлмей, барлығына да қолдау көрсетуге әзірміз», - деп мәлім етті Дархан Қыдырәлі.

Мәселенің шешімі ретінде министр жергілікті БАҚ-ты қолдау тарифтерін ұлғайтуды ұсынды. Оның мәліметінше, бұл тарифтер 2019 жылдан бері қайта қаралмаған.

«Аймақтағы басылымдарды қаржыландыру тетігі мен ережелерін қайта қарастырып жатырмыз. БАҚ-қа берілетін мемлекеттік тапсырыстың талаптарын жеңілдетуге мүдделіміз. Атап айтқанда, жергілікті БАҚ-ты қолдау тарифтері 2019 жылдан бері өзгермегені белгілі. Соған байланысты біз тарифтерді ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Бұл шаралар жобалық тәсілде өңірлік мемлекеттік ақпараттық тапсырысты қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жергілікті БАҚ-қа жаңа серпін беріп, оң әсер етеді деген үміттеміз», - деп мәлім етті Дархан Қыдырәлі.

Журналистерге жауап бермейтін мемлекеттік қызметшілер жауапқа тартылады

Форум барысында шараға қатысушылардың сауалдарына жауап берген министр Дархан Қыдырәлі алдағы уақытта журналистерге жауап бермейтін мемлекеттік қызметшілер жауапкершілікке тартылатынын мәлім етті.

«Енді журналистің сауалына міндетті түрде жауап беріледі. Жауап беру мерзімі қысқарады. Қазір 7 күн болса, енді ол 3-5 күн болып қысқарады. Сонымен қатар, жауап бермейтін мемлекеттік қызметшілер жауапкершілікке тартылады. Мұның барлығы журналистің ақпаратқа қолжетімділігін арттыру мақсатында жасалып отыр», - деп мәлім етті Дархан Қыдырәлі.

Сонымен қоса, ол «Масс-медиа туралы» ҚР заң жобасы аясында журналистердің әлеуметтік жағдайын жақсарту жоспарланып отырғанын атап өтті.

«Қазір заң жобасы қаралып жатыр. Онда журналистердің жеңілдікпен пәтер алуы, ауруханаларда жеңілдіктер пайдалануы туралы нормалар бар. Ең қарапайымы – «Pressa» деген жазуы бар көлікті кез-келген жерге қою немесе мекемелерге кіру сияқты көптеген жеңілдіктерді қарастырып отырмыз», - деп бөлісті министр.

Мұнымен бірге журналистерге дөрекі сөйлейтін мемлекеттік қызметшілерге қатысты ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгінов те пікір білдірді.

«Қазір мемлекеттік қызметшіге деген сын көп. Мемлекеттік қызметшінің жауапкершілігі де көп. Ол жерде де бес саусақ бірдей емес. Дегенмен журналистер тарапынан түсетін сауалдарға дереу жауап беру деген бар. Әсіресе, қоғамды мазалайтын сұрақтар болып тұрған кезде, алғы шепте жалған ақпарат емес, шынайы мемлекеттік көзқарас халыққа дер кезінде жеткізілуі тиіс. Ал этикаға келетін болсақ, ол бәрінде болуы керек. Оның ішінде, журналистердің де этикасы болуы тиіс. Қазіргі ақпараттық кеңістікке байланысты біз мемелекеттік қызметшілерді көбірек оқытуымыз керек шығар. Себебі олардың барлығы БАҚ-қа күнделікті сұхбат бере бермейді», - деп пікір білдірді Алтай Көлгінов.

Айта кетейік, форум 25-26 қаңтар аралығында Астана өтеді. Оған Қазақстанның әр аймағындағы басылымдардың басшылары, бас редакторлары мен тілшілері қатысып жатыр.


Басты фото: baigenews.kz


Соңғы жаңалықтар