Допты хоккейден «Ақжайық» қарсыласын ірі есеппен ұтты

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында Ресей чемпионатында Оралдың «Ақжайығы» «СКА-Свердловск» клубымен екінші кездесуін өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кеше өткен ойында Николай Шавалдиннің шәкірттері 5:7 есебімен есе жіберген еді.

Бұл жолы айдын иелері бірінші таймда-ақ айқын басымдылық танытып, мәселені шешіп тастады - 6:2.

Екінші кезеңде командалар тең түсті - 2:2. Қорытынды есеп - 8:4, «Ақжайықтың» пайдасында.

Осылайша, оралдықтар ірі есеппен есе қайырды. «Ақжайық» сапынан ресейлік легионер Артем Лапшин хет-триктің авторы атанды. Тағы бір ресейлік Александр Слугин 2, Максим Пахомов, Самат Аманшин, Дәурен Оралов бір-бірден гол соқты. Қонақтардан команда капитаны Дмитрий Чернов 3, Арсений Лоскутов 1 гол соғып, көзге түсті.

Үшінші топта 21 ұпаймен төртінші орында тұрған батысқазақстандық команда қалған кездесулерін сырт айдында өткізеді. 10-11 ақпанда Воткинскіде жергілікті «Знамя-Удмуртия» командасымен шеберлік байқасады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» көш басындағы командадан жеңіліп қалғанын жазған болатынбыз.

Фото - «Ақжайық» СК.


Соңғы жаңалықтар