Допты хоккейден ӘЧ: Қазақстан плей-оффта Норвегия құрамасымен кездеседі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Швецияның Венерсборг қаласында допты хоккейден өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы айдын иелерімен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл қазақстандықтардың үшінші ойыны еді. Осыған дейін финдерден 0:9, ресейліктерден 1:22 есебімен ұтылған Қазақстан құрамасы шведтерге де қарсы тұра алмады.

Дүниежүзілік дода өтіп келе жатқаннан бері әлемнің 12 дүркін чемпионы болып үлгерген Швеция құрамасы қазақстандықтарды 22:1 есебімен қиналмай жеңді.

Осылайша А тобында барлық қарсыластарын ұтқан шведтер бірінші орынға ие болды. Кеше финдерді аса тартысты матчта 3:2 есебімен жеңген Ресей құрамасы екінші орында. Бұл қос құрама жартылай финалға бірден жолдама алды.

Қазақстан құрамасы жартылай финалға шығу үшін В тобында бірінші орын алған Норвегиямен күш сынасады. Ал Финляндияның бенди шеберлері АҚШ-пен тағы бір жолдаманы сарапқа салады.

Бұған дейін әлем чемпионатының алты мәрте қола жүлдегері атанған Қазақстан құрамасы биыл негізінен «Ақжайық» командасының ойыншыларына сенім артты. Бұрынғыдай легионерлер жоққа жақын. Ресейдің суперлигасында ойнайтын үш-ақ хоккейші бар. Оның бірі - Орал допты хоккейінің түлегі, құрама капитаны Рауан Исалиев. Қазақстан құрамасының бас бапкері, ресейлік маман Сергей Инфалиннің сөзіне қарағанда, қазақстандықтар қарсыластарынан ойсырай жеңіліп жатқанына қарамастан, бірте-бірте тәжірибе жинақтауда. Олардың арасында жастар да аз емес. Қазіргі кезде болашақты ескере отырып, команда жасақтау маңызды болып отыр.

Швециядағы әлем чемпионаты 2 ақпан күні мәреге жетеді. Алдағы жылы дүниежүзілік доданы Ресейдің Иркутск қаласы қабылдайды. Ал жастар арасындағы 2020 жылғы әлем чемпионаты Қазақстанда өтеді. Бұған дейін 1998 жылы Орал қаласында жасөспірімдер арасында әлем біріншілігі болған еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандықтардың ресейліктерден ірі есеппен ұтылғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар