Допты хоккейден ӘЧ: Қазақстан құрамасы төртінші орынға табан тіреді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Швецияның Венерсборг қаласында допты хоккейден әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы қола жүлде үшін бәсекеде финдермен күш сынасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл осымен 39-ы рет ұйымдастырылып отырған дүниежүзілік додада қола медальді көбінесе финдер мен қазақстандықтар сарапқа салатын.

Бұған дейін Финляндия құрамасы бір-ақ рет әлем чемпионы атанып, екі дүркін күміс, 21 мәрте қола жүлдеге ие болған еді. Қазақстандықтар тек алты рет қола жүлдені еншілеген болатын.

Осы чемпионатта «А» тобындағы алғашқы бәсекеде финдер Қазақстан құрамасын 9:0 есебімен тізе бүктірген еді. Бұл жолы да матч финдердің басымдылығымен өтті. Бірінші таймда олар 3:0 есебімен алда тұрса, қорытындыда 8:2-ге жеткізді.Қазақстан құрамасынан команда капитаны Рауан Исалиев қос голдың авторы атанды. Ресейдің суперлигасындағы «Сибсельмаш» (Новосібір) командасында өнер көрсететін Рауан осы біріншіліктегі соққан гол санын 4-ке жеткізді. Ол ширек финалда Норвегия қақпасына екі рет доп енгізіп, команданың 4:1 есебімен жеңуіне сүбелі үлесін қосқан-ды. Бұл Қазақстанның біріншіліктегі бір-ақ ұтысы еді, қалған матчтарында Швеция, Ресей және Финляндия құрамаларына ірі есеппен есе жіберді.

Осылайша ресейлік маман Сергей Инфалин жаттықтыратын қазақстандықтар әлем чемпионатында төртінші орынға табантіреп, күштілердің «А» тобында қалды. Бұл жаман нәтиже емес. Өйткені Қазақстан алғаш рет әлемдік додаға негізінен «Ақжайық» хоккейшілерімен барды. Бұрынғыша ресейлік легионерлерге сенім артқан жоқ. Енді батысқазақстандық бенди шеберлері алдында тағы бір ірі жарыс тұр. Ол - алдағы наурыз айында Ресейдің Красноярск қаласында өтетін дүниежүзілік универсиада. Онда айдын иелері басты фаворит болса, қалған жүлделі орындарға Қазақстанның таласатыны анық.

Еске сала кетейік,бұдан бұрын қазақстандықтардың Норвегияны ұтып, жартылай финалға шыққанын және қола жүлде үшін бәсекеде финдермен кездесетінін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар