Допты хоккейден ӘЧ: Қазақстан құрамасы ресейліктерге ірі есеппен есе жіберді
Кеңес Одағы құрамасының жеңістерін қоса есептегенде, бұған дейін 25 мәрте әлем чемпионы атанған ресейліктердің осы ойынның фавориті екендігі айдай анық-ты.
Бұрынғыдай ресейлік легионерлерге иек артпай, негізінен «Ақжайық» хоккейшілерінен құралған қазақстандықтардың биыл жүлделі орындар үшін таласа алмайтыны белгілі еді.
Ресейлік бенди шеберлері бірден ойынын тізгінін қолға алып, 3:0 есебімен алға шықты. Осыдан кейін Артем Вшивков Қазақстан құрамасының чемпионаттағы алғашқы голын соқты. Бірақ бұдан ештеңе өзгере қойған жоқ. Ресейліктер бірінші таймның өзінде есепті 9:1-ге жеткізді.
Екінші таймда қарқынын еселей түскен ресейліктер 22:1 есебімен жеңіске жетті.
Енді Қазақстан құрамасы 30 қаңтарда айдын иелері, әлемнің 12 дүркін жеңімпазы Швециямен кездеседі. Содан кейін плей-офф бәсекелері басталады.
Дүниежүзілік дода 2 ақпан күні мәреге жетеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан құрамасының алғашқы кездесуінде финдерден ұтылып қалғанын жазған болатынбыз.