Допты хоккей: Басты мақсат - универсиадада жүлделі орын алу

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Допты хоккейден Оралдың «Ақжайығы» жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста кезекті маусымын бастайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ақжайық» спорт клубының директоры міндетін атқарушы Армат Меңдешевтің айтуынша, құрылғанына 40 жылдан асқан оралдық команданың бай тарихы бар.

«Ақжайық» биыл да екінші топта «Маяк» (Краснотурьинск), «СКСО «СКА-Свердловск» (Екатеринбург), «Динамо-Қазан-2» (Қазан), «Никельщик» (Верхний Уфалей), «Знамя-Удмуртия» (Воткинск), «Локомотив» (Орынбор) командаларымен бірге өнер көрсетеді.

Биылғы бір жаңалық, команданы оралдық бапкер Николай Шавалдин бастаған мамандар жаттықтырады. Тәжірибелі хоккейшілердің бірі, 1990 жылғы Еламан Әліпқалиев әрі ойнайды әрі жаттықтырушы ретінде өз бағын сынап көрмек. Құрамда басқалай көп өзгеріс жоқ. Негізінен команда капитаны Максим Өтебалиев бастаған жергілікті хоккейшілер ойнайды. Ресейліктер Александр Подметалин, Сергей Пантеев, Александр Чкаловқа қоса Хромтау допты хоккейінің түлектері Азат Бектұрған мен Қуаныш Темірәлин «Ақжайыққа» көмектеспекші.
null 

«Биыл команда ойнайтын «Жастар» стадионында жасанды мұз айдыны пайдалануға берілгені белгілі. Сондықтан хоккейшілер маусымға дайындығын жылдағыдан ерте бастады. Бұл да олардың шеберлігін арттыруға септесетіні анық. Алдағы мақсат - жақсы ойын өрнегін көрсете біліп, екінші топта үздіктер қатарынан көрініп, финалдық сайыстарға жолдама алу», дейді Армат Меңдешев.

Н.Шавалдиннің шәкірттері алғашқы кездесулерін 29-30 қараша күндері Краснотурьинск қаласында «Маяк» командасымен өткізеді.

Оралдық стадионда жасанды мұз айдынының жасалуы ірі жарыстарды өткізуге де мүмкіндік береді. Мысалы, 23-26 қараша аралығында допты хоккейден 2002 жылғы және одан кіші жасөспірімдер арасында ел біріншілігі өтеді. Мұнда болашақта алдыңғы буынның ізін басатын  жас хоккейшілер көзге түсіп, іріктеледі деген үміт бар.

«Біздің басты мақсатымыз - әрине, алдағы жылы 2-12 наурыз аралығында Ресейдің Красноярск қаласында өтетін ХХІХ Дүниежүзілік қысқы универсиадада жүлделі орынға ілігу. Онда айдын иелері чемпиондық атақты ешкімге бере қоймас. Дегенмен қалған жүлделі орындар үшін таласуға толық мүмкіндік бар. Универсиадада ел намысын жасы 25-тен аспаған «Ақжайық» хоккейшілері қорғайтын болады», деді ҚазАқпарат тілшісіне А.Меңдешев.
null 

Айта кетейік, допты хоккейден 2019 жылғы әлем чемпионаты 26 қаңтар - 2 ақпан аралығында Швецияның Венерсборг қаласында өтеді. Өткен жылы «Ақжайықтан» ел құрамасына команда капитаны Максим Өтебалиев бастаған үш ойыншы шақырылған болатын.

2011 жылы допты хоккейден Алматыда өткен қысқы Азия ойындарында негізін «Ақжайық» хоккейшілері құраған Қазақстан құрамасының чемпион атанғаны мәлім. 

null 

Соңғы жаңалықтар